Астанада "Алтын белгі" иегеріне Димаш Құдайберген ерекше сый жасады

Бүгін, 21:41 / Жамбыл Жайлау
Астана әкімдігі

Астанада мектеп түлегі әрі "Алтын белгі" иегері Максим Цойға қызыл аттестатпен қатар Димаш Құдайбергеннің сыйлығы табысталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Елорда мектептерінің 16 мыңнан астам түлегі аттестат алып, мектеп өмірімен қоштасты. Салтанатты рәсімдер бүгін қала бойынша өтті.

Мерекелік шарадағы ең әсерлі сәттердің бірі №83 мектеп-лицей түлегі Максим Цойға қатысты болды. Он бірінші сынып оқушысы мектепті үздік аяқтап, "Алтын белгі" иегері атанды.

Максимнің есімі бұған дейін де елордалықтарға жақсы таныс еді. 25 мамырда өткен соңғы қоңырау кезінде ол ұстазымен бірге би билеген. Бұл видео әлеуметтік желіде тез тарап, көпшіліктің жылы пікіріне ие болды.

Желі қолданушылары жас жігіттің өмірге құштарлығын, белсенділігін және ұстазына деген құрметін ерекше атап өтті. Бұл оқиға Максимнің ерекше білім беру қажеттілігі бар түлек екеніне байланысты да жұрт назарын аударды.

Аттестат тапсыру рәсімінде Максим үздік оқығаны үшін қызыл аттестат алды. Алайда қуанышты сәт мұнымен аяқталған жоқ.

Әкімдік мәліметінше, әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Максимге арнайы сыйлық дайындаған. Өнер иесі түлекке қымбат ноутбук табыстады.

Әкімдіктегілер бұл сыйлық жас жігіттің еңбегіне, табандылығына және білімге деген ұмтылысына көрсетілген құрмет белгісі екенін атап өтті. Күтпеген сыйлық Максим үшін аттестат алған күнді одан әрі ерекше етті.

Тэгтер:

Астана алтын белгі