Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 18 маусымдағы сот отырысында жәбірленуші тараптың азаматтық талап арызының көлемі белгілі болды, деп turkystan.kz тілшісі dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қаза тапқан Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әдемі Шылмағамбетова сотталушыдан 70 млн теңге моральдық және материалдық шығын өндіруді сұрап отыр.
Сот барысында Сәрсемәлиев бұл талап арызды қабылдайтынын айтты. Дегенмен ол қазіргі жағдайына байланысты аталған соманы толық өтей алатынына кепілдік бере алмайтынын жеткізді.
"Талап арызды қабылдаймын, бірақ қайтаратыныма кепілдік бере алмаймын. Алдымда өмір бойы түрме күтіп тұр", – деді сотталушы.
Қазіргі уақытта іс бойынша сот отырыстары жалғасып жатыр. Істің толық мән-жайы сот барысында анықталмақ.