Apple техникасы қымбаттайды – Тим Кук

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Apple компаниясының бас директоры Тим Кук өнімдерінің бағасы алдағы уақытта өсуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл шешімге чиптер мен жад құрылғыларының құнының күрт қымбаттауы себеп болып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz The Wall Street Journal-ға сілтеме жасап.

Куктың айтуынша, компания ұзақ уақыт бойы бағаны тұрақты ұстап, қосымша шығынды тұтынушыға артпауға тырысқан. Алайда қазіргі нарықтағы жағдай бұл саясатты жалғастыруға мүмкіндік бермей отыр.

«Өкінішке қарай, баға өседі. Біз компоненттердің қымбаттауын мүмкіндігінше жұмсартуға тырыстық, бірақ жағдай бақылаудан шығып барады», – деді Тим Кук.

Apple нақты қай өнімдер қымбаттайтынын және жаңа баға қашан енгізілетінін әзірге жариялаған жоқ. Сондай-ақ келесі буын iPhone модельдеріне қатысты да нақты ақпарат берілмеген.

Сарапшылардың айтуынша, бағаның өсуіне негізгі себеп – жасанды интеллект технологияларына сұраныстың күрт артуы. Бұл жад чиптеріне деген қажеттілікті күшейтіп, нарықтағы тепе-теңдікті бұзған.

Apple бұған дейін шығындарды ішкі ресурстар есебінен жабуға тырысқанымен, компоненттер бағасының тұрақты өсуі компанияны жаңа баға саясатына көшуге мәжбүрлеп отыр.

Тэгтер:

Apple қымбатшылық Тим Кук