"Ақырзаман аргументі": математиктер адамзат қашан жойылуы мүмкін екенін есептеп шығарды

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Математиктер статистикалық модельдерге сүйене отырып, адамзаттың Жер бетінде тағы қанша уақыт өмір сүруі мүмкін екеніне қатысты болжам ұсынды. Олардың есебінше, адамзаттың кем дегенде алдағы 17 мың жыл бойы өмір сүру ықтималдығы 95 пайызға жетеді, деп хабарлайды turkystan.kz Scientific American басылымына сілтеме жасап.

Мұндай қорытынды «ақырзаман аргументі» деп аталатын статистикалық әдіске негізделген. Ғалымдар қазіргі уақытқа дейін Жер бетінде шамамен 117 миллиард адам өмір сүргенін есепке алып, болашақта дүниеге келетін адамдардың жалпы санын бағалауға тырысқан. Есептеу логикасына сәйкес, бүгінгі адамдар адамзат тарихындағы барлық адамдардың белгілі бір бөлігін ғана құрайды. Осыған сүйене отырып, зерттеушілер болашақта өмір сүретін адамдардың жалпы саны шамамен 2,34 триллионнан аспауы мүмкін деген қорытындыға келген. Кейінгі 40 жылдағы орташа туу көрсеткіші жылына 130 миллион адам деңгейінде сақталса, бұл межеге жету үшін шамамен 17 100 жыл қажет болады.

Алайда ғалымдар бұл есептің тек статистикалық модель екенін ескертеді. Ол жаһандық апаттар, климаттық өзгерістер, ядролық соғыстар немесе басқа да күтпеген факторларды есепке алмайды. Сондай-ақ зерттеушілер «адамзаттың соңы» міндетті түрде толық жойылуды білдірмейтінін айтады. Болашақта Homo sapiens эволюция барысында жаңа биологиялық түрге айналуы да мүмкін.

Мамандардың айтуынша, бұл болжам нақты болашақты болжаудан гөрі ықтимал сценарийлерді математикалық тұрғыдан бағалауға арналған теориялық модель болып саналады.

Тэгтер:

адамзат тіршілік ақырзаман