Семейде жоғалған екі бала аман-есен табылды

Бүгін, 16:37 / Алуа Арман
polisia.kz

18 маусым күні сағат 01:00 шамасында "102" арнасына ата-аналардан екі кәмелетке толмаған баланың із-түссіз жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті. Арыз берушілердің айтуынша, балаларды соңғы рет сағат 20:00 шамасында Семей қаласының Шығыс кенті ауданындағы балалар алаңында көрген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Хабарлама түскеннен кейін Семей қалалық полиция басқармасының барлық гарнизоны дабыл бойынша көтерілді. Іздеу іс-шараларына полиция қызметкері, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, кезекшілікте болған патрульдік полиция батальонының барлық экипажы, сондай-ақ 2 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды.

Түні бойы полицейлер аула-қораларды, балалар алаңдарын, қараусыз қалған ғимараттарды, бос жерлерді және балалар болуы мүмкін өзге де аумақтарды тексерді.

Жүргізілген іздестіру нәтижесінде сағат 09:10 шамасында балалар жергілікті тұрғындардың бірінің ауласынан табылды. Әйел кәмелетке толмағандарды байқап, дереу полицияға хабар берген.

Балалар аман-есен табылып, ата-аналарына тапсырылды. Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандармен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық жұмыс жүргізілуде.

Балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін ата-аналар жауапкершілікке тартылады. Жиналған материал кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралады.

Тэгтер:

Бала Семей жоғалу