Қазақстандық боксшы Сабыржан Аққалықов Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан әлем кубогында өзбекстандық Жавохир Умматалиевтен жеңілгеннен кейін әлеуметтік желіде жазба жариялап, өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Әлі де атқаратын жұмыс көп. Біз өз жолымызды жалғастырамыз. Менің жанымда ең мықты команда және Қазақстан халқының қолдауы бар. Әр жеңіс бірдей мойындала бермейді, бірақ әр сынақ бізді одан сайын шыңдай түседі. Егер бүгін бізді жеңілген деп санаса, ертең тарих бізді жеңімпаз деп атайды. Алға, Қазақстан" – деп жазды Сабыржан Аққалықов.
Аққалықов пен Умматалиев арасындағы жекпе-жек бүгін Гуйяндағы World Boxing әлем кубогының 80 келіге дейінгі салмақтағы 1/8 финалында өтті. Кездесу төрешілердің шешімімен Өзбекстан өкілінің пайдасына аяқталды – 3:2.
Сондай-ақ екінші раундта Сабыржан Аққалықовқа төреші нокдаун санады. Бұл нәтиже Қазақстандағы әлеуметтік желі қолданушылары мен спорт қауымдастығы арасында қызу талқыланды. Көпшілік жекпе-жекте әділетсіз төрелік болғанын және чехиялық рефери Станислав Нехваталдың шешіміне қатысты сын айтты.