Павлодарда үш жасар қызын азаптап өлтірген әке өмір бойына сотталды

Бүгін, 21:11 / Жамбыл Жайлау
boonchai wedmakawand/Getty Images

Павлодар облысында үш жасар қызын азаптап өлтірген 26 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу мәліметінше, ер адам бүлдіршіннің өзінен туғанына күмәнданған. Осыдан кейін ол баланы ұзақ уақыт бойы ұрып-соғып, қатыгездік көрсеткен. Кей деректерге қарағанда, күдікті қызды орамалмен төсекке таңып тастаған.

Қайғылы оқиға былтыр қыркүйек айында болған. Ер адам мас күйінде кішкентай қызды бетон еденге лақтырып жіберген. Ауыр жарақат алған бүлдіршін ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін ішінара ғана мойындады. Ол болған жағдайға өкінетінін айтып, әйелінен кешірім сұраған.

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Айтбаевтың айтуынша, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша ер адамға түпкілікті жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкіміне сәйкес, ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Тэгтер:

Павлодар