Түркістан облысында валюталық заңды бұзған кәсіпорынға 175 млн теңге айыппұл салынды

Бүгін, 16:15 / Алуа Арман
istockphoto.com

Түркістан облысының прокуратурасы валюталық заңнама талаптарының сақталуына жүргізілген талдау барысында экспорттық валюталық түсімді Қазақстан Республикасындағы уәкілетті банктердегі шоттарға қайтару жөніндегі міндеттемелердің орындалмау фактісін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Анықталғандай, «ТУРАН АГРО ЕТ-СҮТ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мен Өзбекстан Республикасының «JAM MAX» ЖШС арасында жасалған сыртқы экономикалық шарт шеңберінде 1 766 210 АҚШ доллары сомасына тауар экспортталған.  

Алайда шетелдік контрагент жеткізілген өнім үшін төлем жүргізбеген.  

Соның салдарынан «ТУРАН АГРО ЕТ-СҮТ» ӨК экспорттан түскен шетел валютасын Қазақстан Республикасындағы уәкілетті банктердегі шоттарға қайтару жөніндегі талаптарды орындамаған.  

Осыған байланысты кооператив Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 251-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылған.  

Құқық бұзушылық фактісі расталғанына қарамастан, бірінші сатыдағы сот әкімшілік айыппұл мөлшерін 8,65 млн теңге көлемінде белгілеген.  

Прокуратура сот актісінің заңдылығын зерделеп, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына байланысты апелляциялық өтінішхат енгізді.  

Нәтижесінде апелляциялық саты прокуратураның уәждерін қолдап, бірінші сатыдағы сот қаулысын өзгертіп, әкімшілік айыппұл мөлшерін заң талаптарына сәйкес 175 946 307 теңге деп белгіледі.

Осылайша, прокурорлық ықпал ету шаралары нәтижесінде мемлекет мүддесінің қорғалуы қамтамасыз етілді.

Тэгтер:

Айыппұл Түркістан облысы