Вейп құрамындағы компоненттер жүрекке кері әсер етеді – зерттеу

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Электронды темекілерде қолданылатын синтетикалық салқындатқыш заттар жүрек жұмысына кері әсер етуі мүмкін. Мұндай қорытынды Circulation: Arrhythmia and Electrophysiology журналында жарияланған жаңа зерттеуде айтылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдар вейп құрамында жиі кездесетін WS-3 және WS-23 сияқты салқындатқыш қоспалардың әсерін зертханалық тышқандар мен адам жүрегінің жасушаларына сынақтан өткізген. Тәжірибе барысында бір топ тышқан никотинмен бірге салқындатқыш қоспалар қосылған аэрозольді жұтса, екінші топ тек никотин буына ұшыраған.

Нәтижесінде салқындатқыш заттар әсер еткен тышқандардың жүрек соғысы жиілеп, жүрек ырғағының бұзылу белгілері көбейген. Әсіресе WS-23 заты қолданылған жағдайда қалыптан тыс жүрек жиырылуларының саны үш есе артқаны анықталған. Сонымен қатар бұл қоспалар никотиннің қанға сіңу деңгейіне айтарлықтай әсер етпеген.

Ал адам жүрегінің зертханада өсірілген жасушаларына жүргізілген тәжірибе салқындатқыш заттардың тыныш күйде жүрек ырғағына айтарлықтай ықпал етпейтінін көрсетті. Алайда күйзеліс жағдайында олар жүрек соғысын баяулатып, жасушалардың келесі жиырылуға дайындалу процесін жеделдеткен. Зерттеушілердің айтуынша, мұндай өзгерістер аритмия қаупін арттыруы мүмкін.

Ғалымдар бұл нәтижелердің вейп құрамындағы салқындатқыш қоспалардың қауіпсіздігіне қатысты талаптарды қайта қарау қажеттігін көрсететінін айтады. Өйткені кейбір өнімдерде мұндай заттардың мөлшері никотиннен де көп болуы мүмкін.

Мамандар ата-аналарға балалар мен жасөспірімдерге вейп пен темекі өнімдерінің ешқайсысы толықтай қауіпсіз емес екенін түсіндіру маңызды екенін еске салды. Сонымен қатар зерттеу жүрек ырғағының бұзылуы қаупінің артқанын көрсеткенімен, «вейп жүректің тоқтап қалуына тікелей себеп болады» деген қорытынды жасамағанын атап өткен жөн. Зерттеу негізінен аритмия қаупінің өсуіне назар аударады.

Тэгтер:

жүрек вейп Электронды темекі