Үй жануарлары адамның көңіл күйіне оң әсер еткенімен, олар күйзелістің салдарын жеңілдетуге көмектеспейді. Нидерланд ғалымдары жүргізген жаңа зерттеу осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеу барысында ит пен мысық асырайтын 188 адамның күнделікті өмірі бақыланды. Қатысушылар бес күн бойы күніне он ретке дейін өздерінің көңіл күйі, күйзеліс деңгейі және үй жануарларымен қарым-қатынасы туралы мәлімет беріп отырған.
Нәтижесінде ғалымдар жануарлармен қарым-қатынас жасаған сәттерде адамдардың жағымды эмоциялары күшейіп, жағымсыз сезімдері азаятынын анықтады. Бұл үрдіс ит иелерінде де, мысық иелерінде де байқалған.
Алайда зерттеу үй жануарлары күйзелістің әсерін бәсеңдетеді деген кең тараған пікірді растамады. Ғалымдардың мәліметінше, иттер де, мысықтар да стресстік жағдайлардың адам эмоцияларына тигізетін әсерін әлсіретпеген.
Бұдан бөлек, мысық иелері арасында ерекше құбылыс тіркелді. Кейбір жағдайларда күйзеліске ұшыраған адамдардың мысықпен қарым-қатынасы жағымсыз эмоциялардың күшеюімен қатар жүрген. Дегенмен зерттеу авторлары мұны мысықтардың күйзелісті арттыратынының дәлелі ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті. Олардың пікірінше, бұл құбылыс нақты жағдайлар мен адамның эмоционалдық күйіне байланысты болуы мүмкін.
Зерттеушілердің айтуынша, үй жануарлары адамның күнделікті эмоционалдық жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Бірақ олардың пайдасы күйзелістен қорғауда емес, адамның сол сәттегі көңіл күйін көтеруде көрінеді.
Ғалымдар адам мен жануар арасындағы қарым-қатынастың психологиялық әсерін тереңірек түсіну үшін бұл бағыттағы зерттеулерді жалғастыру қажет деп есептейді.