Қостанайда күдіктілерді сотқа апара жатқан полиция көлігі жол апатына түсті (ВИДЕО)

16 маусым, 2026 / Жамбыл Жайлау
stan.kz коллажы

Қостанайда бес айыпталушыны сотқа жеткізіп бара жатқан полицияның қызметтік көлігі жол апатына ұшырады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 16 маусым күні Қостанай қаласындағы Бәймағамбетов пен Гоголь көшелерінің қиылысында болған. Қызметтік көлік жеңіл автокөлікпен соқтығысып, аударылып қалған.

Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, апат кезінде қызметтік автокөлік ішінде сотқа жеткізіліп бара жатқан бес күдікті болған.

Полиция таратқан алдын ала ақпаратқа сәйкес, Jac маркалы қызметтік көлік Бәймағамбетов көшесімен келе жатқан. Жарық және дыбыс белгілері қосулы болған көлік қиылыстан өту кезінде маневрдің қауіпсіздігін толық тексермей, Гоголь көшесімен жасыл бағдаршамға өтіп бара жатқан Chevrolet Cobalt көлігімен соқтығысқан.

Қазір жол апатының барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті процестік шешім қабылданады.

Оқиға орнына төрт жедел жәрдем бригадасы барған. Апаттан кейін қызметтік көлікте болған бес адам қалалық ауруханаға тексерілуге жеткізілді. Жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, олардың барлығы алғашқы медициналық тексеруден өткен.

Облыстық полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, жарақат алған екі полиция қызметкері әлі де ауруханада тексеруден өтіп жатыр.

Тэгтер:

Қостанай