"Жазықсыз адамдарды өлтірдім деп ойламаймын": Сәрсемәлиев сотта жауап берді

16 маусым, 2026 / Жамбыл Жайлау
youtube.com/@azh-news

Жангелдин ауылында төрт адамды өлтіру ісі бойынша сотта Сұлтан Сәрсемәлиевтен жауап алу жалғасып жатыр. Кезекті отырыста айыпталушы қылмыстан кейін не себепті Индонезияға кеткенін, шетелде қандай қаражатқа өмір сүргенін және өз әрекетін қалай түсіндіретінін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Ақ Жайық" басылымының жазуынша, сотта одан неге дәл Индонезияға қашқаны сұралды. Сәрсемәлиев бұл елді арзан болғандықтан таңдағанын жеткізді. Сондай-ақ ол жұбайы Ақбаянды жалғыз тастап кете алмағанын айтты.

Судья бұған дейін тараған ақпаратқа да тоқталды. Атап айтқанда, Сәрсемәлиевтің Индонезияда мешіт маңында қайыр-садақа сұрағаны туралы мәлімет сұралды. Айыпталушы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Дегенмен ақшасы таусылған кезде мешіт жақтан бір қазақ жігітін кездестіріп, одан 20 мың теңге көлемінде көмек сұрағанын айтты.

Сәрсемәлиевтің сөзінше, Индонезияға билет шамамен 300 мың теңгеге түскен. Ал шетелге барған кезде қалтасында 200 мың теңгедей ақша болған.

Сот барысында одан Ақбаянның жағдайы туралы да сұралды. "Ақбаян мүлде есін білмей ме, ата-анасын, баласын сұрамай ма?" деген сұраққа Сәрсемәлиев оның ақылы кіресілі-шығасылы болғанын, ешкімді сұрамағанын айтты.

Айыпталушы жауап беру кезінде қылмысты алдын ала жоспарламағанын бірнеше рет қайталады.

"Қылмысты қатты ақылға салған жоқпын, жүрекпен жасадым", – деді ол.

Сонымен қатар Сәрсемәлиев жауаптарының бірінде "жазықсыз адамдарды өлтірдім деп ойламаймын" деген пікір айтты. Осы кезде судья одан үйден шықпайтын, өзімен-өзі жүретін кішкентай Мейрамгүлдің қандай жазығы болғанын сұрады.

Сәрсемәлиев бұл жағдайға біржақты баға беруге болмайтынын айтты.

Айыпталушының сөзінше, қайғылы оқиғаға бұрынғы жұбайының отбасымен ұзақ жылдар бойы жалғасқан жанжалдар себеп болған.

"Мақсат – мені отбасымнан айырып, балаларымнан ажырату болды. Мен барынша күрескім келді", – деді ол.

Сот "өлтіруден кейін қандай жоспарыңыз болды?" деп сұрағанда, Сәрсемәлиев ешқандай нақты жоспар құрмағанын айтты. Оның сөзінше, ол бәрінің немен аяқталатынын түсінген. Сондай-ақ ұсталған кезде қарсылық көрсетпегенін растады.

Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр.

Тэгтер:

Атырау облысы жоғалған отбасы