Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Петропавл қаласында болуы мүмкін қайғылы жағдайдың алдын алды. Оқиға 15 маусым күні кешкі сағат 21:00 шамасында болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
СҚО Полиция департаментінің процессингтік орталығының қызметкері Ержан Тамышев жұмыстан үйіне қайтып келе жатып, Жамбыл көшесіндегі көпқабатты үйдің бесінші қабатындағы ашық терезе алдында ойнап отырған екі кішкентай баланы байқап қалған.
Полиция подполковнигі бірден әрекет етіп, досынан "102" арнасына хабарласуды және балалардың назарын басқа жаққа аударуды сұраған. Өзі сол мезетте көпқабатты үйдің кіреберісіне қарай жүгірген.
Ол пәтерге домофон арқылы хабарласуға тырысқан. Осы уақытта көшеде болған бейжай қарамаған тұрғындар да балаларға дауыстап, терезеден ары қарай кетуін өтінген.
Бастапқыда балалар үйде жалғыз қалып, қамалып қалған болуы мүмкін деген қауіп болған. Ержан Тамышев тіпті шатырға шығып, жоғарыдан терезеге жетудің жолдарын ойластырған. Алайда пәтер ішінде ересек адам бары анықталды.
Кейін пәтер есігін іште болған адам ашқан. Оқиға орнына жедел жеткен патрульдік полиция қызметкерлері де жағдайды тексерді.
Тәртіп сақшылары жалдамалы пәтерде Жезқазған қаласынан келген екі азаматтың уақытша тұрып жатқанын анықтады. Сол сәтте әкесі ұйықтап жатқан, ал анасы дүкенде болған. Мәлімет бойынша, екеуі де алкогольдік масаң күйде болған. Бұған дейін олар бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
Үш жастағы ұл бала мен төрт жастағы қыз бала отбасынан алынды. Қорғаншылық органдары балаларды кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырды.
Отбасыға қатысты материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның шұғыл қарауына шығарылмақ.
Полицейлер ата-аналарға терезе балалар ойнайтын орын емес екенін ескертеді. Мамандар балалардың қауіпсіздігіне мұқият болып, күмәнді жағдай байқалса, бірден полицияға хабарласуға шақырды. Уақтылы жасалған қоңырау қайғылы жағдайдың алдын алуы мүмкін.