Қарағандыда табиғатты ластаған кәсіпорынға 9 млрд теңге айыппұл салынуы мүмкін

Бүгін, 16:37 / Алуа Арман

Қарағанды облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы экологиялық заңнаманың сақталуына тұрақты негізде мониторинг жүргізіп келеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Осы жұмыс аясында прокурорлар өңірдегі ірі жер қойнауын пайдаланушылардың бірін тексеріп, оның бес жыл бойы зиянды заттарды жер бедеріне төгу арқылы қоршаған ортаны ластағанын анықтады.

Сондай-ақ байыту қалдықтарын заңсыз жинақтау, рұқсатсыз эмиссиялар шығару, дамбаны (мыс концентраттарын байыту қалдықтарын жинауға арналған) заңсыз пайдалану және экологиялық заңнаманың өзге де бұзушылықтары анықталды.

Қадағалау органы тарапынан кәсіпорынға қатысты жалпы сомасы 9 миллиард теңгеден асатын айыппұлдар қарастырылған әкімшілік өндірістер қозғалды.

Сонымен қатар мемлекетке келтірілген залал көлемі 2 миллиард теңгеден асқан жердің бүліну фактісі бойынша табиғат қорғау прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 332-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс тіркеді.

Тергеуді Қарағанды облысы прокуратурасының салалық Басқармасы жүргізуде.

Тэгтер:

Айыппұл экология Қарағанды кәсіпорын