Ұлытауда геологиялық барлау ісіне 40 млн долларға жуық инвестиция салынбақ

Бүгін, 15:11 / Дана Ізтілеуова

Биыл «Қазақмыс» корпорациясы Жезқазған өңіріндегі геологиялық барлау жұмысын қаржыландыруды айтарлықтай ұлғайтты. Бұған дейін бұл мақсатқа жыл сайын шамамен 5 млн АҚШ доллары бағытталса, бүгінде инвестиция көлемі жылына 40 млн долларға дейін жетті. Қаражат Жезқазған кен алабының терең қабатын зерттеуге, жаңа перспективалы учаскелерді іздеуге және өңірдің минералдық-шикізат қорын кеңейтуге бағытталған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сонымен қатар компания бұрғылау жұмысының көлемін айтарлықтай арттыруда. Егер алдыңғы жылдары пайдалану мақсатындағы бұрғылаудың көлемі жылына шамамен 63 мың қума метр болса, 2026 жылы тек Жезқазған бағыты бойынша 62,4 мың қума метр геологиялық барлау үшін бұрғылау жүргізу жоспарланған. Бұл ретте айта кетерлігі, Жезқазған компанияның геологиялық барлау бағдарламасындағы үш өңірлік бағыттың бірі болып саналады. Осыған орай геологиялық барлау жұмысының жалпы ауқымы шамамен екі есеге ұлғайды.

Бағдарламаны іске асыру үшін Ұлытау облысында қазірдің өзінде алты заманауи жерүсті бұрғылау қондырғысы іске қосылды. Бұған қоса жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайтын үш жерасты бұрғылау агрегаты мен қосалқы техниканы сатып алу жұмысы жүргізілуде. Жерүсті бұрғылау жұмысына арналған екі бұрғылау қондырғысы күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ бұрғылау бригадаларының жұмысына қолайлы жағдай жасау және инфрақұрылымды жаңарту жұмысы жалғасуда.

2025 жылы жүргізілген геофизикалық зерттеудің қорытындысы бойынша үш перспективалы учаскеде бұрғылау жұмысы басталды. Оңтүстік Итауыз, Соркұдық–Жартас учаскелерінде және Жыланды кен орындары тобында қосымша жұмыс атқару жоспарланған. Терең қабаттарда жүргізіліп жатқан зерттеулер Жезқазған кен орнының геологиялық құрылымы туралы жаңа дерек алуға, сондай-ақ тереңде жатқан кен денелерінің әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді.

Кен орындарының терең қабаты мен қапталдарын зерттеу жобаларына салынған жалпы инвестиция көлемі техника сатып алуды қоспағанда 2,27 млрд теңгені құрайды. Мамыр айынан бастап қосымша бұрғылау күші жұмылдырылып, шілде айына қарай өндірістік алаңдарда онға жуық бұрғылау қондырғысын пайдалану жоспарлануда.

Жүргізілген жүйелі геологиялық барлау жұмысының нәтижесінде көлемі 63,5 млн тонна кенді құрайтын резервтік кен орындарының портфелі қалыптастырылды. Оның құрамында 620,3 мың тонна мыс және 12,9 тонна алтын бар. Бұл қордың елеулі бөлігі мемлекеттік балансқа енгізілді.