Түркия алғаш рет өз ауыр торпедасын сынақтан сәтті өткізді (ВИДЕО)

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: interestingengineering.com

Түркия әскери-теңіз күштері өзі өндірген алғашқы ауыр торпеда AKYA-ны сынақтан сәтті өткізді. Сынақ Шығыс Жерорта теңізінде өткен Denizkurdu II әскери жаттығуы барысында жүзеге асырылды, деп хабарлайды turkystan.kz interestingengineering.com-ға сілтеме жасап.

Торпеда TCG Sakarya суасты қайығынан ұшырылып, нысана ретінде пайдаланылған істен шығарылған TCG Sokullu Mehmet Paşa кемесін дәл көздеген. Соққы нәтижесінде кеме екіге бөлінген.

AKYA торпедасының диаметрі – 533 миллиметр. Оның әрекет ету қашықтығы – шамамен 50 шақырым, ал жылдамдығы сағатына 83 шақырымға дейін жетеді. Қозғалтқышы электр қуатымен жұмыс істейді.

Жаңа қарудың басты ерекшелігі – бірнеше бағыттау жүйесін қатар қолдануы. Торпеда белсенді және пассивті гидролокаторлармен қатар, кеменің судағы ізі арқылы нысананы қадағалай алады. Мұндай технология жалған нысаналар мен шу генераторларына алданбауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар AKYA талшықты-оптикалық байланыс жүйесі арқылы суасты қайығынан басқарылып, ұшу барысында нысананы өзгертуге мүмкіндік береді.

Торпеда Түркияның ұлттық MUREN басқару жүйесімен біріктірілген. Бұл жүйе елдің шетелдік әскери технологияларға тәуелділігін азайту мақсатында әзірленген.

Сол жаттығу аясында Түркияның ұлттық кемеге қарсы ATMACA зымыраны да сынақтан өтті. Ол TCG Kınalıada корветінен ұшырылған.

Әскери сарапшылардың бағалауынша, AKYA техникалық мүмкіндіктері жағынан АҚШ-тың Mark 48, Германияның DM2A4 және Италияның Black Shark секілді әлемдегі ең озық ауыр торпедаларымен бір деңгейде тұр.

Түркия қорғаныс өнеркәсібі соңғы жылдары импорттық әскери жүйелерді отандық өнімдермен алмастыру саясатын белсенді жүргізіп келеді. AKYA торпедасын әскери қызметке қабылдау осы жылдың екінші жартысына жоспарланған.

Тэгтер:

Түркия Қорғаныс қару-жарақ торпеда