Ақтөбеде 62 жастағы әйел интернет арқылы танысқан алаяқтың арбауына түсіп, 1 миллион теңгесінен айырылды, деп turkystan.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Полицияның мәліметінше, әйел әлеуметтік желілердің бірінде өзін АҚШ-тың отставкадағы әскери офицері ретінде таныстырған шетелдік азаматпен танысқан. Біраз уақыт хат алмасқан ер адам оның сеніміне кіріп, жылы сөздер айтып, болашақта кездесуге уәде берген.
Кейін ол уақытша қаржылық қиындыққа тап болғанын айтып, әйелден қарызға ақша сұраған. Сонымен қатар жақын арада өз қаражатын алған соң және Қазақстанға келген кезде ақшаны толық қайтаратынын жеткізген.
Алаяқтың сөзіне сенген зейнеткер бірнеше рет аударым жасап, оның есепшотына жалпы 1 миллион теңге жіберген. Алайда ақша түскеннен кейін ер адам байланысын тоқтатқан. Сол кезде әйел өзінің алаяққа алданып қалғанын түсініп, полицияға жүгінген.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция тұрғындарға интернет алаяқтарының әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған парақша ашып, өздерін шетелдік әскери қызметкер, дәрігер, инженер немесе кәсіпкер ретінде таныстыруы мүмкін екенін ескертті. Олар алдымен адамның сеніміне кіріп, кейін түрлі сылтаумен ақша сұрайды.
Құқық қорғаушылар азаматтарды интернет арқылы ғана танысқан адамдарға ақша аудармауға, жеке және банк деректерін ешкімге бермеуге шақырды. Күмәнді жағдай байқалса, бірден байланысты үзіп, полицияға хабарлау қажет.