Павлодарда палауға телефон жасырып, абақтыға алып кірмек болған тұрғын ұсталды

Бүгін, 16:07 / Алуа Арман
polisia.kz

Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №45 мекемесінің қызметкерлері "Тосқауыл" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында мекеме аумағына тыйым салынған заттарды өткізбек болған әрекеттің жолын кесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Азаматтарды қабылдау бөлмесінде сәлемдемелер мен заттарды тексеру барысында мекеме қызметкерлері Ұлттық ұлан әскери қызметшілерімен бірлесіп қырағылық танытып, құқық бұзушылықты анықтады.

Өңір тұрғыны орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатқан танысына жасырын тәсілмен телефондарды өткізбек болған. Тексеру кезінде SIM-картасыз, жұмыс күйіндегі екі телефонның палау салынған азық-түлік контейнерлерінің ішіне мұқият жасырылғаны белгілі болды.

Аталған құқық бұзушылық фактісі тексеру тобы қызметкерінің бейнетіркегіші арқылы тіркелді. Тыйым салынған заттарды өткізбек болған азаматқа қатысты Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Қазіргі уақытта жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолдануға дайындалуда.

—  Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаменті азаматтарға қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне телефондар, есірткі заттары, алкоголь өнімдері және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге немесе беруге әрекет жасау заңнамаға сәйкес қатаң әкімшілік, ал жекелеген жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты негізде жүргізіліп, ерекше бақылауда, — деп атап өтті ведомство.

Тэгтер:

Павлодар Түрме телефон абақты