Қарағанды қаласында бірнеше сағат ішінде тұрғын үйлердің терезесінен екі бала құлап кетті. Екеуі де түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алғашқы оқиға 13 маусым күні кешке Әлихан Бөкейхан ауданындағы 11а шағын ауданында болған. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, ересектердің қарауынсыз қалған 2022 жылы туған бала бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтердің терезесінен құлап кеткен. Зардап шеккен бала медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.
Бұдан кейін осыған ұқсас тағы бір оқиға Қазыбек би ауданында болған. 2023 жылы туған сәби үш қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтердің терезесінен құлап кеткен. Ол да ауруханаға жатқызылды, қазіргі жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.
Жыл басынан бері Қарағанды облысында осындай 17 жағдай тіркелген. Құтқарушылар ата-аналарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуға және кішкентай балаларды тіпті қысқа уақытқа да қараусыз қалдырмауға шақырады.