«Маған екінші өмір сыйлады»: Нұрғали Нүсіпжанов отадан кейінгі жағдайын айтты

Бүгін, 12:55 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов жүрегіне жасалған операциядан кейінгі жағдайы туралы айтып, көпшілікке әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өнер иесі өмір жолының әрдайым жеңіл болмағанын айтып, бастан өткерген сынақтары туралы ой бөлісті. Оның сөзінше, қандай қиын сәтте де сабыр сақтап, Аллаға сыйынған.

«Бұл өмір – сынақ. Бірі оны жылап көтерсе, енді бірі шыдап көтереді. Уақыт бәрін емдегенімен, көңілде қалған із бірден жоғалмайды. Жалғыздың жары – Құдай деген сөздің растығына тағы бір мәрте көзім жетті», – деп жазды әнші.

Сондай-ақ ол әрдайым қолдау білдіріп жүрген қалың қазақ еліне ризашылығын жеткізді.

«Сенгенім де, сүйенгенім де – халқым. Қашанда ағайын-жұртымның қолдауын сезініп келемін. Көптің батасы мен тілегіне қарыздармын», – деді Нұрғали Нүсіпжанов.

Өнер иесі жүрегіне операция жасап, сахнаға қайта оралуына мүмкіндік берген дәрігерлерге ерекше алғыс айтты. Ол медицина мамандары Ермағанбет Қуатбаев, Артур Абдимомынов және Азамат Наурушевке ризашылығын білдіріп, олардың еңбегін жоғары бағалады.

«Киелі сахнаңызға барып, сағыныш мауқыңызды басыңыз, аға» деген сөздерімен маған екінші өмір сыйлаған дәрігерлерге ақ жүрегіммен алғыс айтамын», – деп түйіндеді әнші.