Алматыда 12 жастағы жасөспірімнің өлімі: арнайы тергеу тобы құрылды

Бүгін, 20:54 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Алматы қаласының Түрксіб ауданында 12 жастағы жасөспірімнің қаза болуына байланысты қылмыстық іс бойынша арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу аясында барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оқиға орны мен оған жақын аумақтардағы бейнебақылау камераларының жазбалары, сондай-ақ істің мән-жайын анықтауға ықпал ететін өзге де цифрлық деректер зерттеліп, қылмыстық іс материалдарына тіркелген.

Полиция барлық болжам мен уәждің мұқият тексеріліп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар тергеу барысында аталған іске кәмелетке толмаған азаматтың қатысы бары анықталып, ол заң талаптарына сәйкес ұсталып, арнайы мекемеге орналастырылған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қаза болған жасөспірім күдіктінің тұрғылықты мекенжайына арадағы мәселені анықтау мақсатында барған. Тергеу деректеріне сүйенсек, жанжал барысында оған пышақ жарақаты салынған.

Қазіргі уақытта жәбірленуші тарапқа қылмыстық істің барлық мән-жайы түсіндіріліп, тергеу жалғасып жатыр.