Астанада мопед мінген 17 жастағы жасөспірім ұсталды

Бүгін, 12:12 / Нұрлан Әлинұр
Фото: ПД

Елордада патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзып, жолақ ауыстыру кезінде бұрылыс шамын жақпаған мопед жүргізушісін тоқтатты. Мопедті 17 жастағы жасөспірім жүргізіп келе жатқан, деп хабарлайды turkystan.kz қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Патрульдік полиция қызметкерлері құжаттарды тексеру барысында мопед тізгінінде көлік құралын басқару құқығы жоқ 17 жастағы жасөспірім отырғанын анықтады.

Кәмелетке толмаған жасөспірімнің заңды өкілдерінің қатысуымен оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Мопед арнайы айыптұраққа қойылды.

Полиция департаменті көлік құралын басқару құқығы жоқ адамдардың көлік жүргізуі өздерінің де, жол қозғалысының басқа қатысушыларының да қауіпсіздігіне қатер төндіретінін еске салады.

Ата-аналарға кәмелетке толмаған балалардың бос уақытын бақылауды күшейтіп, олардың көлік құралдарын басқаруына жол бермеу ұсынылады.