Шымкенттегі жол апаты: Жүкті келіншек жансақтау бөліміне ауыр халде түсті

Бүгін, 22:07 / Жамбыл Жайлау
pixabay.com

Шымкентте түнгі уақытта болған жол апатынан екі адам ауыр жарақат алды. 21 жастағы жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай, жол бойындағы дүкен ғимаратына соғылған, деп turkystan.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға шамамен түнгі сағат 02:00-де болған. Соққының қатты болғаны сонша, дүкеннің қабырғасы қирап қалған. Апаттан кейін жеңіл көлік отқа оранып, аз уақыт ішінде толық жанып кеткен.

Абырой болғанда, оқиғадан қаза тапқандар жоқ. Алайда көлікті басқарған жігіт пен оның жанында отырған келіншек ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Екеуі де жансақтау бөліміне жатқызылған. Белгілі болғандай, зардап шеккен әйелдің жүктілігіне үш ай болған.

"Мерседес көлігі соғылды. Қасында екіқабат келіншек болды", – деді қала тұрғыны Асхат Әбдіразақов.

Қазір жүргізушінің туыстары дүкенге келген шығынды өтеп, қираған қабырғаны жөндеуге кіріскен. Ал полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады.

Төтенше жағдайлар департаменті көліктің тез жанып кетуіне жанғыш материалдардың көп болуы әсер етуі мүмкін екенін айтты.

"Автокөліктердегі жанар-жағармай материалдары, пластик және басқа да синтетикалық бөлшектер өрттің жылдам таралуына ықпал етеді. Соның салдарынан көлік санаулы минут ішінде толықтай отқа орануы мүмкін", – деді ТЖД Жоспарлау және жедел басқару орталығы бастығының орынбасары Нұрдәулет Ерғали.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында да ауыр жол апаты болған еді. Арыс қаласында мас жүргізуші жер үйдің қоршауын бұзып кіріп, аулада отырған адамдарды қағып кеткен. Салдарынан үш адам қайтыс болды.

Тэгтер:

Шымкент Жол апаты