«3 мыңнан астам бала жаттығады»: Жезқазғанда әлеуметтік маңызы бар бірнеше нысан ашылмақ

Бүгін, 20:16 / Дана Ізтілеуова

Ұлытау облысының орталығы Жезқазғанда әлеуметтік маңызы бар бірнеше нысан ашылмақ, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Жезқазғанға жұмыс сапары кезінде қаладағы әлеуметтік маңызы бар бірнеше нысанды аралап, олардың іске асырылу барысымен танысты.

Мұндағы маңызды жобаның бірі – «NAMYS» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы. Құны 8,1 млрд теңге болатын жоба аясында жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асатын, 150-200 бала сиятын заманауи спорт кешені салынады. Мұнда Ұлытау облысының қалалары мен аудандарынан келетін балалардың сапалы білім мен кәсіби спорттық даярлықты қатар алып жүруіне барлық жағдай жасалмақ.

«NAMYS» спорт клубы» қоры Жезқазған өңірінде 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында қордың спорт секцияларында 3 мыңнан астам бала жаттығып жүр. Бүгінде 700-ден астам жас спортшы спорттың бірнеше түрімен тұрақты түрде айналысады. Спорт академиясын биыл қыркүйек айында ашу жоспарланып отыр.

Қаладағы тағы бір маңызды нысан – Кеңгір су қоймасының жағалауында салынатын жағажай аймағы. Бұл әлеуметтік нысанның құны – 3,4 млрд теңге. Бұл нысан өңір тұрғындарының тынығу, серуендеу және мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге арналған заманауи қоғамдық кеңістікке айналмақ.

Руслан Өскенәлі сапар соңында өңірдің дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған барлық жобаның сапалы әрі уақытылы жүзеге асырудың маңызын атап өтті.