АҚШ-тағы Washington University in St. Louis ғалымдары жүргізген жаңа зерттеу баланың ми дамуына отбасының қаржылық жағдайы IQ деңгейі мен ата-ана тәрбиесінен де көбірек ықпал ететінін көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеу барысында 9-10 жастағы шамамен 12 мың баланың өмір сүру ортасы, денсаулығы мен күнделікті әдеттері талданған. Ғалымдар ми дамуына әсер ететін 649 факторды зерттеп, әлеуметтік-экономикалық жағдай балалар миының қызметіндегі айырмашылықтардың шамамен 16%-ын түсіндіретінін анықтаған.
Зерттеу авторларының бірі Nico Dosenbach төмен әлеуметтік ортада өскен баланың миы ұйқысы қанбаған әрі күйзеліске түскен баланың миына ұқсайтынын айтты. Оның сөзінше, бұл «ақыл-ойы төмен ми» емес, керісінше тұрақты стресс пен ұйқы тапшылығының салдары.
Ғалымдар әсіресе кедей аудандарда тұратын балалардың миындағы қозғалыс пен сезімге жауап беретін аймақтар көбірек өзгеріске ұшырайтынын анықтаған. Мұндай өзгерістер күнделікті стресс, экран алдында ұзақ отыру және ұйқы режимінің бұзылуымен байланысты болуы мүмкін.
Зерттеудің тағы бір авторы Scott Marek кей жағдайларда баланың ми сканері арқылы оның отбасының әлеуметтік жағдайын, қанша ұйықтайтынын және экран алдында қанша уақыт өткізетінін шамамен анықтауға болатынын айтты. Алайда IQ деңгейін ми сканері арқылы дәл анықтау мүмкін болмаған.
Зерттеушілердің пікірінше, балалар миының дамуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – қауіпсіз орта, жеткілікті ұйқы және тұрақты психологиялық жағдай. UNICEF мәліметінше, қазір әлемде шамамен 900 миллион бала көпөлшемді кедейлік жағдайында өмір сүреді.