Ресей өзін-өзі интернетпен қамтамасыз ету үшін 102 спутник ұшырмақ

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Ресей спутниктік интернет пен байланыс қызметін дамытуға арналған жаңа жобаны іске қоспақ. Жоба аясында орбитаға 102 шағын спутник шығару жоспарланып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz tass.ru-ға сілтеме жасап.

Жүйе «Спутниктік байланыс және Жерді бақылау» федералдық бағдарламасы аясында жүзеге асады. Спутниктер 500 шақырымнан 1,5 мың шақырымға дейінгі биіктікте орналасып, интернет тарату мен байланыс қызметін қатар қамтамасыз етеді.

Жоба бойынша алғашқы жұмыстар 2026 жылы басталады. Ал спутниктер тобын кезең-кезеңімен толық орбитаға шығару 2036 жылға дейін жалғасады. Эскиздік жоба 2027 жылдың соңында таныстырылады деп күтілуде.

Дмитрий Автайкин жобаның негізгі мақсаты спутниктік байланыстың жаңа буынын қалыптастыру екенін айтты. Оның сөзінше, жүйе бірнеше жиілік диапазонында жұмыс істеп, әртүрлі орбитада орналасады.

Жобаның алғашқы кезеңінде мамандар спутниктердің техникалық платформасын әзірлеп, тұтынушылар сұранысын зерттейді. Кейінгі кезеңде жүйені құрастыру мен қызмет көрсету мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге аспақ.

Сарапшылар бұл жобаны Ресейдің жаһандық спутниктік интернет нарығындағы бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған қадам ретінде бағалап отыр.

Тэгтер:

Ресей интернет спутник