Делдалдың дегені бола бере ме?

Бүгін, 16:30 / Ділда УӘЛИБЕК
сурет: pixabay.com

Өнім өндірушіден тұтынушыға дейін бірнеше қолдан өтеді. Әр делдал өзінше баға қояды. Заң бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке 15 пайыздан артық үстеме қосуға болмайды. Соған қарамастан делдалдар 40-50 пайызға дейін үстеме қосатынын жауаптылар мен жергілікті атқарушы мекемелер де жасырмайды. Мәселен, өткен аптада «Алтын орда» базарындағы сауда желілері мен көтерме сауда орындары азық-түлікке 40 пайыздан 203 пайызға дейін негізсіз үстеме қосқаны анықталды.

Бұған дейін Үкімет басшысы әлеуметтік азық-түлік бағасын бақылап, көтерме ба­зар­ларға тәртіп орнатуды тапсырған еді. Не өзгерді? Жалпы, делдалдар қымбат­шы­лыққа қаншалықты үлес қосып отыр? Нарық­ты қалай реттей аламыз? 

Нарықтың 67 пайызы – делдалдар

Ұлттық статистика бюросының еліміз­д­егі сауда саласының құрылымы туралы дерегіне қарасақ, көтерме сауда нарықта өте үлкен үлес алатынын көреміз. Шамамен 66,6 пайыз. Ал бөлшек сауда – 32,9 пайыз. Бұл азық-түлік тізбегінде бірнеше аралық буын бар екенін көрсетеді. Ал әр аралық буын бағаға баға қосатыны белгілі. 
Үкімет пен Сауда министрлігі «өнім өндірушіден дүкенге дейінгі делдал санын қысқарту» саясатын жүргізіп келеді. Ресми мәлімдемелерінде жауаптылар делдалдың көп болуы бағаны негізсіз өсіретінін үнемі айтады. Осыған байланысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке 15 пайыздан артық үстеме қосуға болмайтыны заңмен бекітілген. Ал осы талаптың орындалуын Үкімет пен Сауда министрлігі қадағалауы қажет. Жауаптылар кәсіпкерлерге әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15 пайыздан жоғары баға үстеу заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтыратынын ескертеді. Сауда орын­дарында тексеріс жүргізеді. Бағынбағандар айыппұл төлейді. 

Жыл басында бағаны тұрақтандыру және негізгі азық-түлік өнімдерін барынша қол­же­тімді ету үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізбесі уақытша кеңейтілген еді. Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсан­дағы бұйрығына сәйкес, әлеу­мет­тік маңы­зы бар азық-түлік тауар­лары­ның тізбесіне қаптамасына, оралу түріне, өндіру­шісіне, шыққан еліне және көлеміне қарамас­т­ан 31 тауар енгіз­ілді. Былтыр жыл аяғында елордадағы Коммуни­кациялар қызметінде өткен бри­фингте Астана қаласының Сауда және тұтынушы­лардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғалым­жан Ілия­сов ӘМАТ тізбесін кеңейтудегі негізгі міндет­тердің бірі баға белгілеуді барынша ашық ету және негізсіз жоғары баға қоятын тиімсіз делдалдарды тежеу екенін мәлім еткен бола­тын. Ол сауда үстемесінің шекті мөл­шерін 15 пайыздан асырмау түпкі бағаның өсуін тежеуге мүмкіндік береді және азық-түлік инфля­­циясын тұрақтан­дыруға ықпал ете­тінін айтты.
– Қажет болған жағдайда сауда үстемесіне енгізілген шығындарды растай­тын құжаттар, сәйкестік сертификаттары немесе сәйкестік туралы декларациялар ұсынылуға тиіс. Бұл норма баға белгілеу талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуге, негізсіз баға өсімінің алдын алуға, сондай-ақ тауарлардың заңдылы­ғын, сапасы мен қауіпсіздігін растауға мүмкіндік береді, – деген еді Ғалымжан Ілиясов.
Бұдан бөлек, ӘМАТ тізімінің кеңеюі өндірушілер мен импорттаушыларды қосымша ынталандырады. Атап айтқанда, олар сауда желілеріне түрлі сыйақылар мен ретро-бонустар төлеу міндетінен босаты­лады. Босатылған қаражатты өндірісті кеңейтуге, қуаттарды жаңғыртуға және бизнесті дамытуға бағыттауға болады. Соны­мен қатар ӘМАТ тізбесіне енгізілген тауарларды өндірушілер мемлекеттен қолдау ала алады. Олардың қатарында жеңілдетілген тасымалдау, коммуналдық қызметтердің бекітілген тарифтері, айна­лым қаражатына арналған жеңілдікті қаржы­ландыру және басқа да ынталандыру құралдары бар.
Бір айта кететін жайт – әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке аспаздық өнім­дер, аспаздық жартылай фабрикаттар және дайын тағам өнімдері жатпайды. Ерекшелік ретінде тек тартылған ет қана енгізілген. 

Тыйым тыймай тұр

Заңда жазылған шектеуге бағын­байтындар бар. Тіпті көп десек те артық емес. Мәселен, өткен аптада Алматыдағы «Алтын орда» базарында жүргізілген тек­серіс кезінде кей саудагерлер азық-түлікке 40 пайыздан 203 пайызға дейін үстеме қосқаны анықталды. Бұл заңда белгіленген 15 пайыздық шектен бірнеше есе жоғары. Осыдан кейін жауаптылар әкімшілік шара­лар қабылданатынын хабарлады. Өңір­лік комиссияның жұмысы аясында «Алтын Орда» базарындағы 13 сауда субъектісіне жоспардан тыс тексеру жүр­гізіліп, нәти­жесінде азық-түлік бағасының өсуіне әсер еткен 7 тиімсіз делдалдың қызметі тоқта­тылған. Алайда мұндай жағдай бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Жалпы, жыл басы­нан бері Алматы облысында 171 сауда субъ­ектісіне қатысты 643 әкімшілік хат­тама толтырылған. Оның 467-сі әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарларына бел­гіленген шекті сауда үстемесін асыру фак­тілеріне байланысты рәсімделсе, тағы 176 хаттама сауда заңнамасын бұзу бойын­ша толтырылған. Салынған айыппұл көле­мі 3,4 миллион теңгеден асқан.
Ал Астанада жыл басынан бері әлеу­меттік маңызы бар азық-түлікке шектен тыс үстеме қосқаны үшін 1 628 әкімшілік қаулы шығарылып, салынған айыппұл көлемі 52 миллион теңгеден асқан. Рес­пуб­лика бойынша биылғы бақылау шаралары нәтижесінде 2 463 әкімшілік қаулы рәсім­деліп, салынған айыппұл көлемі 76,8 мил­лион теңгеге жеткен. 
Үкімет делдалдық схемаларды анық­тауға ЖИ-ды да қолдана бастапты. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың мәлімдеуінше, 2026 жылдың басынан бері 2 мыңнан астам элек­тронды шот-фактураға талдау жүр­гі­зіліп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстемеақы қосу бойынша 631 заң бұзу анықталған. Қазір министрлік жасанды интеллект көмегімен тек үстеме­ақының шектен асуын ғана емес, әлеу­мет­тік азық-түлік бойынша жасалатын сауда операцияларының санын да бақылайды. Егер бір тауар бір күн ішінде бірнеше рет қайта сатылса, мұндай мәмілелердің жал­ған немесе өнімсіз делдалдық схема болуы мүм­кін екені тексеріледі. Тек наурыздың бірінші жартысында ғана өнімсіз дел­дал­дарға қатысты 56 әкімшілік іс мемлекеттік органдарға жолданған.
Бұдан бөлек, Үкімет баға қалып­тасты­руға ықпал ететін негізгі сауда нүктелерін бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты еліміз бойынша бағаға елеулі әсер ететін 63 ірі базар анық­талған. Осы айда Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Астанадағы «Алаш» және «Шарын» көтерме базарларын аралап, көтерме сауда өкілдерімен кездесу өткізді. Министрдің айтуынша, негізсіз үстеме­ақының әрбір теңгесі халықтың қалтасына тікелей әсер етеді. Сондықтан өнімсіз дел­далдарды азайту тек эконо­микалық емес, әлеуметтік маңызы бар міндетке айналып отыр. 
Сонымен қатар базар әкімшіліктері 
де делдалдарды қысқартудың жолын ұсынуда. Мысалы, «Алаш» көтерме сауда базарының директоры Нұрлан Жұмеков қала орта­лы­ғында бірнеше жәрмеңке алаңын ашу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Онда қоймалардағы өнім тұрғындарға тікелей сатылмақ. Бұл көтер­ме жеткізушіден тұ­тынушыға дейінгі ара­лықты қысқартып, қосымша үсте­м­еақы­ларды азайтуға мүм­кіндік береді.
Алайда сарапшылар мәселені тек айып­­п­ұлмен немесе тексеріспен шешу қиын екенін айтады. Себебі делдалдардың көбе­юі­не нарықтың өзі жағдай жасап отыр. Ұсақ өндірушілердің логистикасы әлсіз, қоймасы жоқ, өнімін тікелей өт­кізуге шамасы жетпейді. Сондықтан олар өнімін амалсыз делдалдарға береді. Кей жағдайда өнім соңғы тұтынушыға жет­кен­ше екі-үш делдалдан өтеді. Әрқайсысы өз үстемесін қосады. Соның кесірінен өндіруші арзан ба­ға­ға сатқан тауар дүкен сөресіне жеткен­де едәуір қымбаттайды.
Демек, мәселе тек бақылауда емес. Экономист Арман Байғанов мәселені шешу үшін ең алдымен ірі және орта шаруа­­шы­лықтарды дамыту қажет деп есеп­тейді. Соны­мен қатар ұсақ өндіру­шілерге де қолдау керек. 

Арман Байғанов,
экономист,

R-Finance қаржы кеңесшісі:

Мемлекет ақпараттық қолдауды күшейту керек

– Делдалдар азық-түлік бағасына әсер ететіні сөзсіз. Мысалы, біздің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер картопты өздері 100-200 теңгеден сатуы мүмкін, бірақ нарыққа жеткенде оның бағасы 1,5-2 есе қымбаттап кетеді. Себебі шаруалар бірнеше делдал тізбегін айналып өтеді, өнімін тікелей дүкендерге немесе базарға шығара алмайды. Біріншіден, олардың өндіріс көлемі жеткіліксіз. Әсіресе, шағын тауар өндірушілер әрдайым тиімсіз жағдайда қалады.
Көп жағдайда өнім бірнеше делдалдан өтеді. Әркімнің нарыққа тікелей шығып, сауда жасауға мүмкіндігі жоқ. Бұл қалыптасқан жағдай және, өкінішке қарай, осылай бола береді. Өйткені ірі ауыл шаруашылығы өндірушілері шығындарын азайта алады. Мысалы, логистиканы өздері ұйымдастырып, өнімді делдалсыз жеткізуге мүмкіндігі бар. Тіпті, арнайы дүкендер де аша алады. Сондықтан оларға бәрі тиімді әрі бағаны төменірек қоя алады.
Ал еліміздегі шаруашылықтардың көпшілігі – ұсақ шаруашылықтар. Олардың өзіндік құны жоғары, сондықтан тауарды өткізу жағынан да оларға тиімсіз болады. Көп жағдайда өнімін тікелей сата алмайды. Кейде тіпті базарда сатушы ұстауға да шамасы жетпейді, себебі өндіріс көлемі аз әрі тек бір бағыттағы өніммен айналысады. Ірі шаруашылықтар аз болғандықтан, олар да барлық жерде сатушы ұстай алмайды. Соның салдарынан өнімін делдалдарға беруге мәжбүр болады. Ал делдалдар баға қосады. Сонымен қатар ірі шаруашылықтар өнімді тиімдірек сақтай алады, сондықтан өнімі көп бұзылмайды, шығыны да аз болады.
Дегенмен азық-түлік нарығында қандай да бір монополия бар деп есептемеймін. Бұл жерде бәсекелестік жоғары. Негізгі мәселе – ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің, әсіресе ұсақ шаруалардың өнімді өздері тікелей өткізе алмауында. Сондықтан өнім бірнеше делдалдан өтіп, ақырында баға 2-3 есе өсіп кетуі мүмкін.
Не істеу керек дегенге келсек, ең алдымен ірі және орта шаруашылықтарды дамыту қажет. Сонымен қатар ұсақ өндірушілерге де қолдау керек шығар. Оларды маркетингке, өнім өткізудің жолдарына үйрету қажет. Кооперативтер құру мәселесі де айтылып жүр, бірақ кооперативтердің көбі өміршең емес екенін көрдік.
Меніңше, мемлекет ақпараттық қолдауды дамыту керек. Мысалы, өнімді ұзақ мерзімде сақтауға арналған жеңілдетілген бағадағы қоймаларды көбейту қажет. Сондай-ақ өндірушілер өнімін тікелей сата алуы үшін сауда орындарының жалдау құнын арзандату секілді жеңілдіктер керек. Ең бастысы – делдалдарды айналып өтудің жолдарын, логистика мен маркетинг шығындарын оңтайландыруды үйрету аса маңызды.
Ал бағаны тікелей бақылау аса тиімді емес. Себебі бұл – нарықтық экономика. Мұнда сатушылар мен делдалдардың саны өте көп болуы –заңдылық. Жалпы, өндірушілер саны көбейген сайын баға да төмендей береді.

Тэгтер:

Азық-түлік баға қымбатшылық инфляция делдал