Қазақстанда нөсер жауып, күн +38 градусқа дейін ысиды

Бүгін, 11:48 / Алуа Арман
istockphoto.com

«Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі 2026 жылғы 13–15 маусым аралығына арналған Қазақстандағы ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болып, жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

13 және 15 маусым күндері Қостанай облысында, ал 15 маусымда Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында қатты жаңбыр жауады деп күтілуде. Осы кезеңде еліміздің солтүстігі мен солтүстік-батысында, ал 15 маусымда оңтүстік-батысында бұршақ жауып, екпінді жел соғуы мүмкін.

Республика аумағында желдің күшеюі де болжанып отыр.

«13–15 маусым аралығында Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында, 14–15 маусым күндері Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстары мен Жетісу өңірінде, ал 15 маусымда Атырау облысында күндізгі ауа температурасы +35…+38 °C-қа дейін көтеріліп, аптап ыстық болады», – деп хабарлады «Қазгидромет».

Тэгтер:

ауа райы Қазгидромет