Қандай мамандарға сұраныс жоғары?

Бүгін, 15:45 / Арайлым Жолдасбекқызы
сурет: istockphoto.com

Қазақстанның еңбек нарығы серпінді даму үстінде. Жыл басынан бері еліміздің бас цифрлық еңбек алаңы – Enbek.kz порталында біршама өзгерістер байқалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, мамыр айында бос жұмыс орындары мен үміткерлердің белсенділігі жаңа деңгейге көтерілген.

Ағымдағы жылдың басынан бері элек­трондық еңбек биржасына жұмыс беру­шілер 495,7 мың бос жұмыс орнын жолдап, жұмыс іздеуші азаматтардан 609,3 мың түйіндеме келіп түскен. Ал нақты мамыр айының қорытындысына үңілсек, нарықта жұмыс берушілер ұсынған бос орындар саны 86,7 мыңды құраса, жұмыс іздеу­ші­лердің өтінімдері 91,6 мыңға жеткен.
Кадр тапшылығы әсіресе әлеуметтік және инфрақұрылымдық салаларда қатты байқалады. Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша білім беру саласы 14 мың бос ор­ын­мен көш бастап тұр. Одан кейінгі орын­дарға сервис және қызмет көрсету саласы 12,5 мың; медицина мен әлеуметтік қамсыздандыру 8,6 мың, құрылыс индус­триясы 8 мың; аграрлық сектор 7,5 мың және өңдеу өнеркәсібі 6,9 мың бос жұмыс орны­мен жайғасқан. Географиялық тұрғы­дан алғанда, бос орындардың ең үлкен үлесі бас қала  – Астанаға тиесілі, мұнда 8,3 мың маман қажет. Одан кейінгі қатарда Павлодар облысы 5,5 мың, Алматы қаласы 5,2 мың, Түркістан облысы 5,1 мың және Атырау облысы 5 мың бос орынмен тұр.
Еңбек нарығында жұмыс іздеп жатқан отандастарымыздың басым бөлігі жастар. Себебі түйіндеме қалдырғандардың 41 пайы­зы – 35 жасқа дейінгі азаматтар. Ал 35-44 жас аралығындағылар 28 пайызды, 45-54 жаста­ғылар 20 пайызды және 55 жастан асқандар 1 пайызды құраса, үміт­керлердің 52 пайызы әйелдер, 48 пайызы ер адамдар. 
Біліктілік талаптарына келетін болсақ, нарыққа техникалық және орта буын мамандары көбірек қажет екені байқалады. Бос орындардың 43 пайызы  орта білікті­лікті, 31 пайызы төмен біліктілікті талап етсе, тек 26 пайызы ғана жоғары білікті кадр­ларды іздейді. Сонымен қатар мамыр айындағы қаржылық ұсыныстар мен күті­лімдер арасындағы айырмашылық та айтарлықтай үлкен. Жұмыс берушілер ең жоғары еңбекақыны тау-кен саласындағы өндіріс бастығының орынбасары лауазы­мына шамамен 1,45 млн теңге, бас дәнекер­леушіге 1,24 млн теңге және ақпараттық қауі­псіздік жөніндегі инженерге 1,23 млн теңге көлемінде ұсынған. Ал жұмыс іздеуші топ-менеджерлер мен сирек мамандық ие­лерінің сұранысы мүлдем бөлек қалып­тасты. Мәселен, биржаға түйіндеме жол­даған кеме капитандары орташа есеппен 8,7 млн теңге, ірі компания басшыларының орынбасарлары 3,7 млн теңге, ал авиация ұшқыштары 2,8 млн теңге көлемінде жала­қы күтетінін көрсеткен. 
Қорыта айтқанда, электрондық еңбек биржасы елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетудің пәрменді құралына айналып отыр, бұған тек елорданың өзінде жыл басы­нан бері осы жүйенің көмегімен 14 мың­нан астам тұрғынның тұрақты жұмыс­қа орналасуы айқын дәлел болады.

А.Бименді

Тэгтер:

Еңбек нарығы мамандық маман сұраныс