Қазіргі жаһандану дәуірінде экономиканың даму қарқыны табиғи ресурстармен емес, зияткерлік капитал, инновация және шығармашылық әлеуетпен айқындалады. Осы тұрғыдан алғанда креативті индустрия – ХХІ ғасыр экономикасының жаңа драйвері. Ол тек мәдени немесе шығармашылық бағыт қана емес, сонымен қатар табыс әкелетін, жаңа жұмыс орындарын құратын, жастардың әлеуетін ашатын маңызды экономикалық сектор.
Креатив сөзі ағылшын тіліндегі creative («шығармашылық», «жасампаз») деген сөзден шыққан. Креативті индустрия ең алғаш Ұлыбританияда 1990 жылдары пайда болды. Кейін бұл бағыт ЮНЕСКО деңгейінде мойындалып, жаһандық жобаға айналды. Оның құрамына кино, анимация, зергерлік бұйымдар, бейнелеу өнері, галерея қызметі, баспа ісі сияқты салалар енгізілді. Әлем елдері креативті индустрияны әртүрлі бағытта дамытып келеді. Мәселен, АҚШ үшін Голливуд пен Кремний алқабы ұлттық брендке айналған. Голливуд түсірген фильмдер әлемнің түпкір-түпкіріне таралып, миллиардтаған доллар табыс әкеледі. Кремний алқабында дүниеге келген технологиялық компаниялар жаһандық экономиканың беталысын анықтап отыр. Ал Оңтүстік Корея соңғы жиырма жылда мәдени индустрия арқылы әлемді таңғалдырды. K-pop музыкалық феномені, корей сериалдары мен кино өндірісі ел экономикасының маңызды бөлігіне айналды. Бүгінде BTS немесе BLACKPINK секілді топтар тек музыкалық бренд емес, тұтас мемлекеттің жұмсақ күшінің символы саналады. Қытай болса онлайн платформалар, анимация, цифрлық контент және электронды коммерция арқылы креативті экономиканың жаңа моделін қалыптастырды. Ал Франция сән индустриясы мен кинематографиядағы дәстүрлі көшбасшылығын сақтап келеді. Әр мемлекеттің өз ерекшелігі болғанымен, барлығын біріктіретін ортақ нәрсе бар. Ол – шығармашылықты экономикалық ресурс ретінде қабылдау.
Бұл үрдіс шамамен 35-36 жылдан кейін Қазақстанға келді. Бүгінде елімізде бұл бағыт мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында креативті индустрияны медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру және ақпараттық технологиялар салаларын қамтитын, жұмыспен қамтуға ықпал ететін маңызды экономика секторы ретінде атап өтті. Мемлекет басшысы бұл саланың ел экономикасын әртараптандырудағы рөлін ерекше атап, оны жүйелі түрде дамыту қажеттігін бірнеше рет көтерді.
Креативті қалалар феномені
Креативті индустрия көбіне ірі қалаларда шоғырланады. Себебі талант, білім, технология және инвестиция бір жерде тоғысқанда ғана жаңа идеялар пайда болады. Әлемдегі ең ықпалды креативті орталықтардың қатарында Нью-Йорк көш бастап тұр. Одан кейін Лондон мен Париж орналасқан. Сан-Франциско, Сингапур, Сидней, Лос-Анджелес, Берлин, Токио және Барселона да шығармашылық экономиканың маңызды орталықтары. Бұл қалалардың табысының құпиясы – таланттарды жинай білуінде. Мысалы, Нью-Йорк суретшілер мен дизайнерлерді тартса, Лос-Анджелес кино өндірісінің жаһандық орталығына айналды. Сан-Франциско технологиялық стартаптардың мекені болса, Берлин заманауи өнер мен музыканың жаңа тынысын қалыптастырып отыр. Олардың барлығы кластерлік даму қағидасына сүйенеді. Яғни, шығармашылықпен айналысатын адамдар мен компаниялар бір ортада шоғырланып, бір-бірінің дамуына ықпал етеді. Ал Қытай 2000 жылы «Шығармашылық индустрия» тұжырымдамасын қабылдап, Шанхай, Пекин, Шэньчжэнь, Гуанчжоу секілді мегаполистерді креативті экономиканың орталығына айналдыруға кірісті. Қазір бұл қалалар әлемдегі ең ірі цифрлық және мәдени өндіріс орталықтарының қатарына кіреді.
Ал еліміздегі жағдайға келсек, Алматыдағы Almaty Creative хабы шығармашылық жобалардың тоғысатын алаңына айналса, Шымкенттегі Art Hub Amanat жас өнерпаздар мен кәсіпкерлерді біріктіріп отыр. Түркістандағы OzgeEpic креатив хабы да жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды орталықтардың бірі.
Қазақстандағы шығармашылық экономиканың негізгі орталығы – Алматы. Қалада 13,3 мыңнан астам креативті бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы еліміздегі абсолютті көшбасшы саналады. Мұның өзіндік себебі бар. Алматыда шығармашылық орта қалыптасқан. Мұнда суретшілер, музыканттар, режиссерлер, дизайнерлер мен ІТ мамандары шоғырланған. Қаладағы мәдени атмосфера мен кәсіпкерлік белсенділік жаңа идеялардың тууына мүмкіндік береді. Екінші орында – Астана. Елордада 8,4 мыңнан астам кәсіпкер креативті индустрияда еңбек етеді. Кейінгі жылдары мұнда цифрлық технологиялар, контент өндірісі және медиа бағыттары белсенді дамып келеді. Ал Шымкентте 2,4 мыңнан астам шығармашылық кәсіпкер тіркелген. Сонымен қатар Қарағанды, Алматы және Маңғыстау облыстары да бұл бағытта қарқынды өсім көрсетіп отыр. Бағыттар бойынша ең көп тіркелген шағын және орта бизнес субъектілері халықтық қолөнер саласына тиесілі – 12 660. Қолөнершілер саны бойынша Алматы, Астана, Шымкент және Түркістан облысы алдыңғы орында.
Қазір Қазақстандағы креативті секторларда 143 600 адам жұмыс істейді. Ең көп еңбек ресурсын қажет ететін салалар – IT, сәулет өнері, сән индустриясы, мәдени-демалыс мекемелері, кітапханалар, музейлер және халықтық қолөнер. Бұл көрсеткіштер креативті индустрияның экономикалық маңызын айқын дәлелдейді.
Қордың міндеті қандай?
Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Креативті индустрияларды дамыту қорының кеңсесіне арнайы барып, жұмыс барысымен танысқан еді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Қор салаға жүйелі қолдау көрсететін негізгі орталыққа айналуға тиіс. Мұнда таланттарды қолдау, инфрақұрылым қалыптастыру, инвестиция тарту, креативті өнімді ілгерілету және экспортқа шығару бағыттары біртұтас жүйеге біріктіріледі. Қордың жаңа кеңістігі идеядан бастап өндіріс пен өнімді нарықта ілгерілетуге дейінгі толық циклді қамтитын шоурум форматында та-
ныстырылды. Президентке зергерлік және ағаш өңдеу шеберханалары, музыкалық кеңістіктер, кілем өнері залы, суретшілер залы және fashion-аймақ сынды тақырыптық алаңдар көрсетілді. Ерекше назар аудартқан нысандардың бірі – Yurt Capsule иммерсивті кеңістігі болды. Мұнда киіз үйдің дәстүрлі пішіні цифрлық өнер, мультимедиялық контент және мәдени баяндау арқылы заманауи технологиялық сипатта жаңаша ұсынылған.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева: «Қордың басты міндеті – саладағы бытыраңқылықты еңсеру. Қазақстанда мықты авторлар, дизайнерлер, музыканттар, қолөнер шеберлері, кино, анимация, сән, цифрлық өнер және басқа да бағыттардың өкілдері бар. Алайда олардың көпшілігі бір-бірінен оқшау дамып келеді. Креативті мамандардың тұрақты инфрақұрылымға, кәсіби сараптамаға, инвестицияға және өнімді ілгерілету арналарына қол жеткізу мүмкіндігі әлі де шектеулі. Қор әкімшілік құрылым емес, саланың жүйелі операторы болуы керек. Оның негізгі рөлі – талантты, өндірісті, нарықты және сыртқы мүмкіндіктерді өзара байланыстыру. Басқаша айтқанда, креативті маман өз идеясымен қайда жүгіне алатынын, қандай қолдау ала алатынын, өнімін қалай рәсімдеп, аудиториясын қалай табатынын және жергілікті нарық шеңберінен қалай шыға алатынын нақты түсінуге тиіс», – деген болатын.
Иә, Мәдениет және ақпарат министрлігі бұған дейін креативті индустрияны дамытудың жоспарын жариялаған еді. 2029 жылға дейін саладағы кәсіпкерлік нысандарының санын және шығармашылық өнімдердің экспортын жыл сайын 5 пайыз ұлғайту көзделген. Креативті өнімдер мен қызмет экспортын келесі жылы 100 млн АҚШ долларына жеткізу жоспары бар. 2028 жылға қарай 111 млн долларға дейін өсіру көзделіп отыр. Ал экспорттың құнын 2029 жылға дейінгі 116 млн-ға дейін жеткізбек. Бүгінде креативті индустрияның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 1 пайыз деңгейінде. Алдағы үш жылда оны 2 пайызға дейін ұлғайту міндеті тұр. Әрине, осы бір экономикалық индикаторға қол жеткізу үшін креативті индустрияның өнімділігін арттырған жөн. Ол үшін адами капиталды дамытып, жұмыспен қамту көрсеткішін ұлғайту қажет. Биыл 143 мың адам креативті индустрия саласында еңбек етсе, келесі жылы бұл индикаторды 150 мыңнан, 2027 жылғы меже 158 мыңнан асыру. Ал 2029 жылға қарай 174 мыңнан астам адамды шығармашылық саласына жұмылдыру жоспары бар. Сол сияқты кәсіпкерлік нысандардың санын жыл сайын 5 пайыз көбейту міндеті тұр. Бүгінде 45 мыңнан астамы тіркелсе, 2027 жылы оны 52 мыңнан асыру қажет. Ал 2029 жылға қарай қойылған мақсат – 55 мыңға жеткізу.
Көпшілік креативті индустрияны тек өнер немесе мәдениетпен байланыстырады. Алайда қазір бұл ұғым әлдеқайда ауқымды мағынаға ие. Сарапшылардың бағалауынша, әлемдік креативті индустрия нарығының көлемі 104 миллиард доллардан асады. Ал шығармашылық сектордың жалпы капиталдануы 2,2 триллион доллардан жоғары. ЮНЕСКО деректеріне сүйенсек, креативті экономика әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен 3 пайызын қамтамасыз етеді. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 4,4 пайызға дейін жеткен. Ең бастысы – бұл сала миллиондаған адамға жұмыс беріп отыр. Қазір әлем бойынша 50 миллионнан астам адам шығармашылық бағыттағы кәсіптермен айналысады. Олардың қатарында режиссерлер, дизайнерлер, бағдарламашылар, аниматорлар, музыканттар, сәулетшілер және ойын индустриясының мамандары бар. Бір қарағанда шығармашылық еңбек ретінде көрінетін бұл мамандықтардың артында үлкен экономикалық әлеует жатыр.
Америкалық экономист, креативті класс теориясының авторы Ричард Флорида: «Интеллектуалды және креативті адамдар – экономиканың басты капиталы» деген болатын. Демек, XXI ғасырда мемлекеттердің байлығы тек жер қойнауындағы қазба байлықтармен немесе өндіріс көлемімен ғана өлшенбейді. Қазіргі әлемде идея, талант және шығармашылық ой ең құнды капиталға айналды. Сондықтан дамыған елдер экономиканың жаңа драйвері ретінде креативті индустрияға айрықша көңіл бөліп отыр. Еліміз үшін де ең маңызды міндеттердің бірі – шығармашыл адамдарға жағдай жасау. Өйткені болашақта елдің байлығы жер астындағы қазба байлықпен емес, азаматтарының қиялы мен қабілеті арқылы жасалған өнімдердің құнымен өлшенетін болады. Креативті индустрия – дәл сол болашаққа апаратын жол.
Наурызбек САРША