Өзбекстанның көне қаласы Самарқандтаа өткен «Эко-заковат» халықаралық экологиялық байқауында академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенттері зор жетістікке қол жеткізді. Орталық Азия елдері мен Әзербайжан мемлекетінен, сондай-ақ көршілес өлкеден жиналған ең таңдаулы жастар бақ сынасқан ауқымды додада қарағандылық білімгерлер жүлделі ІІ орынды иеленіп, ел мерейін үстем етті.
Маусым айының 6-9-ы аралығында ұйымдастырылған бұл халықаралық зияткерлік сайыс жас буынның экологиялық мәдениетін арттыруды және қоршаған ортаны қорғау саласындағы соны бастамаларға қолдау көрсетуді көздеді. Төрт күнге созылған тартысты кезеңдерде қатысушылар жаһандық климаттың өзгеруі, экологиялық қауіпсіздік, тұрақты даму және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану сияқты ең өзекті мәселелер төңірегінде өздерінің теориялық білімдері мен кәсіби даярлықтарын ортаға салды. Е.Бөкетов университетінің намысын қорғаған жас зерттеушілер өзекті түйткілдерді шешудің өзіндік тиімді жолдарын ұсынып, қазылар алқасының жоғары бағасын алды.
Аталған білім додасында топ жарған университет командасына ботаника кафедрасының аға оқытушысы, экология магистрі Роза Мусина жетекшілік етті. Ал білім ордасының беделін халықаралық деңгейде асқақтатқан дарынды студенттер құрамында Гюная Аллахвердиева, Мадина Әсетқызы, Әлишер Жексембаев, Айжан Сарсенова, Малика Ташкенбаева және Біржан Оспан болды. Ел намысын ту еткен жастардың бұл табысы – университеттегі сапалы білім мен жүйелі ғылыми-зерттеу жұмыстарының тікелей жемісі.
Студенттердің айтулы жеңісіне орай Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы консулы Абзал Нұрашов арнайы құттықтау лебізін білдірді. Консул өз сөзінде отандық жастардың халықаралық деңгейдегі экологиялық жобалар мен мемлекетаралық ынтымақтастық бағдарламаларына белсенді араласуының маңыздылығына тоқталып, жеңімпаздарға жаңа белестер бағындыруды тіледі. Бұл халықаралық жетістік қарағандылық студенттердің жоғары кәсіби әлеуетін ғана емес, олардың қоғамдық және ғылыми өмірдегі белсенді азаматтық позициясын тағы бір мәрте дәлелдеп берді.