Бақытжан Сатершинов: Зайырлы ел қағидатын түсінген адам адаспайды

Бүгін, 14:45 / Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Жаңа Конституцияда діннің мемлекеттен бөлек екені ашық жазылды. «Зайырлы ел» дегенді көпшілік қалай түсінеді? Зайырлылық құндылығы деген не? Әлеуметтік желідегі діни уағыздарды шектеген дұрыс па? Осы сұрақтарды философия ғылымдарының докторы, профессор, дінтанушы Бақытжан Сатершиновке қойған еді.

– Еліміздің жаңа Конституциясында Қа­зақ­станның зайырлы мемлекет деп анық жазылды. «Дін мен мемлекет бөлек». Әдетте, зайыр­лы елміз дегенді көп айтамыз. Бірақ халық «зайырлы ел» деген ұғымды толық түсінбей жатады. Қандай елді «зайырлы ел» дейміз? Бұл ұғымның ауқымы қандай?

– Дұрыс айтасыз, биылғы жылдың 15 науры­зында республикалық референдумда қабылданып, алдымыздағы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының жаңа Конститу­ция­сының I-бөліміндегі 7-баптың 1-тармақшасында дәл сіз айтқандай, тайға таңба басқандай «Дін мемлекеттен бөлек» деп жазылып тұр. Одан ары қарай 2-тармақта бұл қағида былай тарқатылады: «Қазақстан аумағында діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады және ол консти­туциялық құрылыс негіздерін, адамның және аза­маттың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін». Негізгі заңның алғысөзінде «Қазақстан халқының этносаралық және конфес­сияаралық татулық қағидаттарына сүйенетіні» айтылған, ал 1-бапта «Қазақстанның зайырлы мемлекет» екені тұжырымдалады. 
Қазақстан Республикасының зайырлығы конституциялық құрылымның демократизм, әлеуметтілік, дүниетанымдық, идеологиялық алуа­ндылығы сияқты негіздерімен өзара байлан­ысты. Бұл діннің қоғамға күшпен ендіріл­мейтіні, ешбір діни ұйым мемлекеттік болып саналмайтыны, ал азаматтардың еркіндігі бар екенін көрсетеді. Егер клерикалды, яғни діни мемлекетте діни ұйым­дардың мемлекеттен бөлінуі мүмкін емес болса, ал атеистік немесе дінсіз мемлекетте діни ұйымдар мемлекеттен, қоғам өмірінен, тіпті жеке өмірден толығымен оқшаулау мақсатында ажыра­тылады. 
Жергілікті халық арасында зайырлықты атеизм­мен теңестіретін түсінік кездеседі. Зайырлық деген жалпы дінді теріске шығару емес. Зайырлы елде діни ұйымдардың қызметтерінің кейбір сала­сына шек қою арқылы, саяси биліктен ажыраты­лады. Ел зайырлығының шарты бойынша мемле­кеттің діни ұйымдардың ішкі істеріне араласпау, ал діни ұйымдардың мемлекет ісіне араласпау ұстыны бар.
Зайырлы елде діни ұйымдар мемлекеттен ажыратылған (бірақ қоғамнан оқшауланбаған) және заң алдында бәрі тең. Зайырлы мемлекеттің класси­калық үлгісі барлық діни ұйымдарға бей­тарап қаты­наста болуды, мемлекеттің діннен және діни ұйым­дардан оқшау болуын көздейді. Зайыр­лықтың арқасында діни ұйымдар мемлекеттік билікпен тайталаста емес және бір-бірінің ісіне араласпау қа­ғидатын ұстанып қызмет етуде, ал бұл өз кезегінде бір жағынан биліктің діншілденуінің, екінші жағынан діннің саясилануының алдын алады. Зайырлы ел қағидатын түсінген адам адас­пайды.
«Зайырлы ел» ұғымының ауқымы осылайша ашылады. Оның қағидаттары қазіргі әлемдегі көп­теген елдің құқықтық мемлекеттілігі мен азамат­тық қоғамының құрылысы мен қызмет етуінің негізін құрайды. Мысалы, әлемде 200-ге жуық мем­лекет бар, олардың мемлекет пен дін арақа­тынасының режимдеріне келер болсақ, 12-сі нағыз діни, 60-ы ресми діни, 5-еуі дінге қарсы идеоло­гияны ұстанады, ал қалған 120-дан аса мемлекет зайырлық ұстынын заңнамалық деңгейде бекіткен. Соңғыларының әрқайсысы зайырлық ұстынын өз елінде қалыптасқан діни ахуалдың ерекшеліктеріне қарай, қоғамдағы діннің орны мен рөлі туралы әлеуметтік дискурсқа орай құрастырады. 

– Жастарға зайырлылық құндылығының нақты принциптерін сақтаудың жол-жосы­нын қалай түсіндірген жөн? 

– Жастарға болсын, жалпы тұрғылықты ха­лық­қа болсын, «зайырлы ел» ұғымын түсіндір­генде жер бетіндегі әр қоғамның тарихи, әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени ерекшеліктерін ескеру керек болады. Біздің қазақ тіліне арабшадан енген «захир» немесе «зайыр» термині діннің сырт­қы мәнін білдіреді, ал «батин» термині ішкі сенімге қатысты болып келеді. Яғни, біздің дәстүрлі қазақы дүниетанымда бұл ұғым бәрібір дінмен байланысты болып келеді. Ал оның шет тілдегі баламасы «секуляризм» түсінігі «клерикализмге» қарсы мәнді білдіреді. Бұл концепт Батыс елдерінде соңғы ғасырлардағы христиандық шіркеу мен зайырлы мемлекет теке-тіресінің нәтижесінде пайда болды. Батыс Еуропа мен Американың жекелеген демок­ратиялық елдерінің қоғамдық кеңістігінде кейінгі жүз жылдықтарда орын алған әлеуметтік транс­фор­мация мен дін рөлінің өзгеруі секуляризм сая­сатының сипаты мен бағытын айқындайды. Зайырлы елдің болмысы қандай болуы керектігі туралы қоғамдық және әлеуметтік дискурстар әлі күнге дейін толастаған жоқ. Әдетте, секуляризмді «лаицизм» деп те атайды, оның мемлекет пен дін арақатынастарындағы «қатаң»  және «бәсең» үлгі­лерін анықтап жатады.
Көптеген сарапшы секуляризмнің бұл үлгісінің еуро­палық қоғамдық-саяси кеңістік­ке тән екенін және бұл саяси страте­гияны Шығыс елдеріне қатысты қол­дануға келмейтінін айтады. Сондықтан ішкі өркениеттік-мәдени өзгешеліктер мен қоғамдағы діни ахуалды ескере отырып, зайырлық­тың жұмсақ түрін таңдауға тура кел­еді. Мысалы, Орталық Азия мен Қа­зақстан үшін зайырлық пен ислам арақатынасын ұлттық рухани дәстүр­лерді ескере отырып қолдану қажет болады. Сол себепті Қазақстан мемле­кет пен дін арақатынасының өзіндік үлгісіне ұмтыла отырып, билік пен діндар жамағат арасындағы өзара сенімді дамытып, діни радикализмнің алдын алу үшін мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктермен, оның ішін­де Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасымен ынтымақтастыққа келуге тыры­сады.   
Біздің еліміздегі жастар зайырлық заңнама мен оның құндылықтарын есте сақтап, өздерінің өмір қамында орнымен қолдана білуі керек. Зайырлық түсінігі аясында мемлекет төмендегі қағидаттарға сүйенеді:
Азаматтардың қандай да бір дін және діни ұйымдарға жататынына қарамастан, өмірдің бар­лық саласында тең құқығын қамтамасыз етеді; 
азаматтардың дінге қатынасына бейтарап қарап, олардың таңдауларын мадақтап, сөгіп немесе насихаттамайды; діни ұйымдар мен бірлес­тіктердің істеріне, дін оқытушылық, ішкі тәртіптік, кадрлық істеріне мүлдем араласпайды; адам құ­қығы мен еркіндігін шектейтін, азаматтардың дінге деген қатынасын күшпен өзгерту мақсатында арнайы мекемелерді қолдануға рұқсат бермейді, атап айтқанда: жазасын өтейтін орындар, әскери бөлімдер, ауруханалар, балалар үйі және тағы басқа орындарда діни насихат жасауына болмайды;  аза­маттардың дінге қатынасын анықтауда мемле­кеттік білім беру стандартының бейтараптығын қамтамасыз етеді.
Осы ұстанымдарды білген жөн. Сонда өзін де, өзгені де қиын жағдайға душар етпейді.

– «Сенім бостандығы» мен «діни еркіндік» деген тіркестің мән-маңызын ажыратып беріңізші. Өзгенің діни сеніміне құрметпен қарау үшін нені ескерген жөн? 

– «Сенім бостандығы» мен «діни еркіндік» таразының екі басы секілді. Дінге сенетіндер де бар, сенбейтіндер де бар. Олар бір-бірінің ар-ождан бостандығына қол сұқпаулары керек. Өзгелердің діни сеніміне түсіністікпен қарау үшін дін еркіндігі мен мемлекеттік-конфессиялық қатынастар саласында Қазақстан мемлекеті саясатының қағидаттарын есте сақтау керек.
Мемлекет және ондағы институттардың зайырлы, конфессиялық, бейтарап сипаты, діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлектенуі, ар-намыс және дін еркіндігі қағидаты, қандай да бір дін немесе діни және зайырлы бірлестікке жататынына қарамастан, азаматтардың еркіндігі мен тең құқылығы, діни бірлестіктердің Құдайға құлшылық ету істерін немесе құлшылық етуден тыс істерін іске асырудағы құқықтарының теңдігі, ұлттық салт-дәстүрлер мен діни салттардың байланысын, діни бірлестіктер мен мемлекет арақатынасындағы Қазақстан халқының ұлттық-мәдени ерекшелік­терін есепке ала отырып, ұлттық-мәдени дәстүр­лерді, халықтардың ділін құрметтеу; діни бірлес­тіктердің ішкі қызметіне мемлекеттің араласпауы, конституциялық құрылым, моральдық, денсаулық және азаматтардың құқығы мен мүдделерін қорғау, мемлекет қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігінен туындаған ар-намыс және дін еркіндігі шектеулерінің орын алуы, діни бірлестіктердің қазақстандық заңнамаға сәйкес қызмет етуін мемлекеттік бақылау, мемлекеттік билік пен басқарманың барлық сатыларында ар-намыс және дін еркіндігі саласындағы саясатты ашық түрде жүргізу, мемлекетпен діни бірлестік­тердің бірлесе қызмет етуі, аталған салада мемлекет саясатындағы маңызды басым бағыттарды ғылыми негізде таңдау – бұл зайырлы қоғам ұстанатын жалпы ережелер. 
Жоғарыда аталған ережелердің барлығы қазақстандық заңнамада тіркелген және зайырлық қағидаттарын іске асырудағы әлемдік тәжіри­белерге сүйеніп бекітілген. Мұның барлығы жалпы ереже ретінде көрініс тапқан және оның негізінде мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара байлан­ысы құрылып, қазақстандық зайырлық үлгісі қал­ыптасады. Қазіргі заманғы Қазақстанда іске асып жатқан мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қарым-қатынас үлгісі дінге сенушілердің еркіндігі мен құқығын құрметтеудің демократиялық қағи­даттарына, қоғамдық және діни қызығушылық­тардың тепе-теңдігіне, серіктестік пен өзара түсін­істікке негізделген.

– Қазір ақпарат заманы ғой. Әртүрлі әлеу­меттік платформаларда діни уағыз айта­тын­дар көбейді. Тіпті, кәсіби білімі жоғары имам­дардың кейбір уағыздары дау тудырып жатады. Осыған байланысты діни уағыз айтуға арнайы лицензия беру керек деген көз­қарасты көп кездестіреміз. Сіздіңше, бұл пікір дұрыс па? 

– Діни уағыз айтуға арнайы лицензия немесе рұқсат беру мәселесі әлемде, соның ішінде Қазақ­станда да жиі талқыланады. Бұл мәселеге екі түрлі көзқарас бар. Лицензиялауды жақтайтын пікір­лер­ге келер болсақ, біріншіден, бұл қоғамдық тұтастық пен мемлекеттік қауіпсіздікті сақтауды және радикализмнің алдын алуға байланысты. Діни экстремизм мен теріс ағымдардың алдын алу үшін уағызшының білімі мен айтатын сөзі мемлекеттік немесе діни басқарма тарапынан бақылануы тиіс деп саналады. Екінші, кәсібилік өлшемдеріне қатысты.  Діни салада кәсіби білімі жоқ адамдардың уағыз айтуы қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін. Лицензия тек арнайы діни білімі бар мамандарға ғана рұқсат берер еді.
Ал лицензиялауға қарсы пікірлерге тоқталар болсақ, бұл шара адамның діни сенім бостандығына нұқсан келтіреді деп есептеледі. Бұл ұстаным діни көзқарастарды білдіруге және таратуға деген конституциялық құқықтарды шектеуі мүмкін деп санайды. Сондай-ақ бұл қарсылық діни ұйымдарды тіркеуге қатысты бюрократиялық шаралармен түсіндіріледі. Лицензиялау үдерісі діни қызмет­керлерді шектеп, цензураға әкелуі ықтимал деген қауіп бар.
Айта кету керек, Қазақстанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға сәйкес, діни уағыз айту және діни әдебиеттерді тарату нақты ережелермен реттеледі. Мәселен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) өзінің ресми сайты арқылы өз имамдарының біліктілігін арттырып, оларға арнайы аттестат береді. Сондай-ақ ғаламтордағы діни материалдарды сараптамадан өткізу тәртібі бар. Бұл мәселеде радикализмге жол бермеу мен адам құқықтарын сақтау арасындағы тепе-теңдікті ұстану өте маңызды. 
Қазақстандағы діни уағыз жүргізудің заңды талаптары бар. Қазақстан заңнамасы бойынша «лицензия» деген термин қолданылмағанымен, уағыз айту мен діни материалдарды тарату қатаң заңдық шеңберде ғана рұқсат етіледі. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға сәйкес негізгі талаптар мынадай:  1) Орын шектеулігі: Діни уағыз-насихат тек қана ғибадат үйлерінде (мешіт, шіркеу т.б.), діни бірлестіктердің ғимараттарында және ресми белгіленген орындарда ғана жүргізілуі тиіс. Көшеде, базарда немесе қоғамдық орындарда рұқсатсыз уағыз айту – заңсыз; 2)  Ресми мәртебе: Ислам діні бағытында тек ҚМДБ тарапынан ресми тағайындалған имамдар мен діни қызметкерлердің ғана уағыз айтуға құқығы бар. Өзін «тәуелсіз ұстазбын» деп жариялап, желіде өз бетінше діни үкім шығару заң бұзушылық саналады. Әсіресе, қа­зіргі ақпарат тасқыны заманында әртүрлі әлеуметтік желілердегі уағыз бен дәғуаттың маз­мұнына баса назар аудару керек. Діни дискурсқа деген сұраныстың жоғары екенін ескерсек, жас­тардың қоғамдық санасын деструктивті ықпалдан сақтау үшін профилактикалық шараларға мән беріп, діни ағартушылықтың ресми сайттарының бәсекелестігін арттыру қажет.  

– Әлеуметтік желі демекші, онда діни топтардың өзара пікірталасы жиі болады. Бір­ін-бірі жоққа шығару, «адасқан» деп күс­тәналау жағы басым. Бұл үрдістің қаупі қандай? 

– Әлеуметтік желідегі діни айтыстар мен өзара айыптаулар қоғамның тұрақтылығына үлкен қауіп төндіреді. Мұндай үрдіс радикалды көзқарастардың таралуына, сенімсіздікке, адамдардың агрессияға бой алдыруына және қоғамдағы алауыздықтың ушығуына әкеледі. Ондай айтыстар тұрғындардың радикалдануына жол ашуы мүмкін. Өзге ағымдарды «адасқан» деп айыптау жастардың санасында агрессивті діни ұстанымды қалыптастырады. Теріс пиғылды топтар осы эмоцияларды пайдаланып, өз идеологияларына тартады. Сондай-ақ бұл үрдіс ислам дінінің беделін түсіреді. Желідегі дау-дамай мен орынсыз айтыстар діннің рухани құндылығын жоғалтып, сырттан бақылаушы адамдардың (әсіресе жастардың) дінге деген сенімсіздігін оятады. Одан бөлек, қоғамдық поляризацияны тудырады. Діни топтардың бір-біріне қарсы шығуы әлеуметтік желіде үлкен топтарды (фракцияларды) қалыптастырып, қоғамды жікке бөледі. 
Мұндай келеңсіз құбылыстардың алдын алу қажет. Діни сауаттылықты арттыру үшін тек ресми және дәстүрлі діни ұйымдардың мәліметтеріне сүйену қажет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұсынатын ресми пәтуалар мен сенімді ақпараттарды негізге алған жөн. Діни ақпараттарды тексеріп, арандатушылық сипаттағы контенттерге сын көзбен қарау маңызды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Т.ӨСКЕНБАЙ

Тэгтер:

қоғам зайырлы ел