Кәсіпкерлерге таңбалау шығыны бойынша қосымша салық жеңілдігі беріледі. Мұндай шешім Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 16-отырысында қабылданды.
Енді бизнес сәйкестендіру құралдарын салуға және оқуға арналған жабдықтарды сатып алуға кеткен шығынның 50 пайызын салықтан шегере алады. Бұл өзгерістер Салық кодексіне енгізілмек.
«Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Тимур Жәркеновтің айтуынша, таңбалау жүйесін енгізу кәсіпкерлерден өндірістік желілерді жаңғыртуды, жаңа жабдық сатып алуды және қосымша шығындарды талап етеді. Сондықтан кәсіпкерлердің қаржылық жүктемесін азайту үшін жабдық сатып алуға жұмсалған шығындарды шегерімге нақты шығын сомасының 50 пайызы көлемінде жатқызу ұсынылған.
Жобалық кеңсе мүшелері бұл бастаманы қолдады. Нәтижесінде, бизнес таңбалауға кеткен шығынның бір бөлігін салық жеңілдігі арқылы өтей алады. Бұл, әсіресе, шағын және орта бизнес үшін маңызды қолдау болмақ. Себебі таңбалау жүйесін енгізу көптеген кәсіпкер үшін қосымша шығынға айналған. Әсіресе, өндірістік жабдықтарды жаңарту, арнайы құрылғылар орнату және бағдарламалық жүйелерді бейімдеу айтарлықтай қаржы талап етеді.
Тауарларды таңбалау жүйесі көлеңкелі экономиканы азайту, контрафакті өнімдердің жолын кесу және тауар қозғалысын ашық ету мақсатында енгізіліп жатыр. Жүйе арқылы өнімнің қай жерде өндірілгені, қалай жеткізілгені және қай сауда нүктесіне түскені бақылауға алынады. Бұл өз кезегінде заңсыз айналымды азайтып, адал жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін бәсекелестік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар отырыста резидент еместерге электрондық шот-фактура жазу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданды. Енді ЭШФ қосылған құн салығы бойынша декларация тапсыратын күннің алдындағы соңғы жұмыс күнінен кешіктірілмей рәсімделуге тиіс. Қазір Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Атамекен» ҰКП норманың соңғы өзгерістерді пысықтап жатыр.
Бұдан бөлек, еңбекақы төлеу қорына қатысты төлемдерді біріздендіру мәселесі де қаралды. Жоспар бойынша барлық міндетті төлемдерді салық төлеушінің кабинеті арқылы автоматты түрде есептеу тетігі енгізіледі. Ол үшін жұмыс беруші қызметкердің ЖСН-ы мен жалақы мөлшерін ғана енгізеді. Қалған есептеулерді жүйе өзі жүргізеді. Бұл тетік бухгалтерлік рәсімдерді жеңілдетіп, әсіресе шағын бизнестің уақыты мен қаржысын үнемдеуге көмектеседі. Қазір кәсіпкерлер жалақыға байланысты салықтар мен әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін бөлек бухгалтерлік қызметке жүгінуге мәжбүр. Ал жаңа жүйе енгізілсе, көптеген стандартты есеп автоматтандырылады.