Жастар неге жұмыссыз?

Бүгін, 14:15 / Túrkіstan IPW

Қазақстан еңбек нарығы жаңа кезеңге аяқ басты. Бір жағынан мемлекет алдағы жылдары халықтың табысын арттырып, жыл сайын 240 мың сапалы жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Екінші жағынан елде жүз мыңнан астам жас жұмыссыз жүр. Ал үш жүз мыңнан астам азамат білім алмайды, жұмыс істемейді, яғни қоғамда NEET санатындағы жастар ретінде белгілі топтың қатарында.

Бұл жағдай еңбек нарығындағы басты сұрақты алға шығарады: мәселе жұмыс орындарының жетіспеуінде ме, әлде еңбек нарығы мен жастардың таңдауының ара­сын­дағы алшақтықта ма?
Үкімет бекіткен 2026-2029 жылдарға арналған халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар ел экономикасына тың серпін беруді көздейді.
Ұлттық экономика бірінші вице-ми-
н­истрі Азамат Әмриннің айтуынша, жос­пар жүзеге асқан жағдайда бюджет саласы қыз­мет­керлерінің жалақысы өседі. 
Бұл – қарапайым халықтың сатып алу қабілетін сақтап қалуға ғана емес, әлеуметтік тең­сіздікті азайтуға бағытталған қадам. Жос­пардың ең маңызды тұстарының бірі – сапалы жұмыс орындарын құру. Еңбек нарығында жұмыс орнының саны ғана емес, сапасы да маңызды. Заманауи техно­логиялар енгізілген, білікті мамандар еңбек ететін кәсіпорындар көбейген сайын өндіріс тиімділігі де артады.
Осы мақсатта жыл сайын 240 мың сапа­лы жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар кәсіпорындармен 600-ге жуық меморандум жасалып, дуальды білім беру жүйесі күшейтіледі. Яғни, студенттер оқу барысында өндірісте тәжірибе жинап, еңбек нарығына дайын маман ретінде шығуға мүмкіндік ала-
ды.

Статистика не дейді?

Алайда еңбек нарығының қазіргі жағ­дайы жоспарланған көрсеткіштерден әлде­қайда күрделі екенін аңғартады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша Қазақстанда ресми тір­келген жұмыссыз жастар саны 117,7 мың адам­ға жеткен. Бұл – 15 пен 34 жас аралы­ғындағы азаматтар. Жұмыссыз жастар ең көп тіркелген өңір – Түркістан облысы. Мұнда 17,7 мың жас тұрақты жұмыс таба алмай жүр. Алматы қаласында 11,4 мың, Маң­ғыстау облысында 9,3 мың, Алматы облысында 8,7 мың және Астанада 6,7 мың жұмыссыз жас есепке алынған. Алайда мамандарды алаңдататын басты мәселе – ресми жұмыссыздық көрсеткіші емес. Одан да маңыздысы – NEET санатындағы жастар­дың саны.

Жастар неге жұмыс таба алмай жүр?

Сарапшылардың пікірінше, мәселе жұмыс орындарының тапшылығында ғана емес. Министрлік еңбек нарығындағы басты түйткілдердің бірі ретінде жастардың сұранысқа ие емес мамандықтарды таңда-
у­ын атап отыр. Мысалы, құрылыс, өндіріс және қызмет көрсету салаларында маман тап­шылығы байқалады. Аспаз, тігінші, дәне­керлеуші, техникалық мамандарға сұраныс жоғары. Бірақ көптеген жастар жоғары жалақы мен жайлы өмір іздеп ірі қалаларға көшеді. Алайда олардың еңбек нарығында тәжірибесі мен дағдысы жеткіліксіз болып шығады.
Нәтижесінде үлкен үмітпен мегаполиске кел­ген жас тұрақты жұмыс таба алмай, жұ­мыссыздар қатарына қосылады. 

Жастарға қандай мүмкіндік ұсынылып жатыр?

Соңғы үш жылда еліміз бойынша 965 мыңнан астам жас мансап орталықтарына жүгінген. Олардың жартысынан астамы ауыл жастары. Қуантарлығы – тіркелген жастардың 80 пайыздан астамы жұмыспен қамтылған. Бұл шамамен 776 мың адам. Жастарды қолдау мақсатында бірнеше мемлекеттік бағдарлама жұмыс істейді. Соның бірі – «Жастар практикасы». Бағ­дарлама оқу орнын жаңа бітірген түлектерге алғашқы еңбек тәжірибесін жинауға мүм­кіндік береді. Еңбек ақысы толықтай мем­лекет есебінен төленеді. Биыл осы бағ­дар­лама арқылы 25 мың жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Бұдан бөлек, ондаған мың жас бос жұмыс орындарына орналасып, қоғамдық жұмыстарға тартылып, қысқа мерзімді курстардан өтуде.
Қазір  Еңбек министрлігі жаңа тәсілдерді енгізіп жатыр. Солардың бірі – «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жоба­сы. Жоба әзірге Маңғыстау мен Павло­дар облыстар­ында сынақ ретінде іске қосылған. Ерекшелі­гі – жұмыссыз азаматтарды анық­тау, олардың қабілетін бағалау және бос жұмыс орындарын ұсыну барысында жасан­ды интеллект технологиялары пайдала­нылады. Жүйе адамның кәсіби дағдылары мен тәжірибесін саралап, оған лайық жұмыс орнын автоматты түрде ұсынады. Егер жоба тиімділігін дәлелдесе, бұл еңбек нарығын басқарудың жаңа моделіне айналуы мүмкін.

Наурызбек САРША

Тэгтер:

Жұмыссыздық жастар жұмыссыз