Сатыбалды ишан

Бүгін, 10:00 / Túrkіstan IPW

Тарихы терең Торғай өлкесінде Аманкелді ауданы бар. Бұл өңір 1928 жылға дейін Батпаққара аталып келген. Осы Батпаққараның елді мекен ретінде қалыптасуына зор үлес қосқан тұлғаның бірі – Ғабдоллаұлы Сатыбалды ишан бабамыз. Ендеше, бұл кісі кім еді?

Сатыбалды ишан Қазығұрт пен Сайрам өңірінде Ислам дінін нәсихаттаушылардың көрнекті өкілдерінің бірі. Оңтүстікте ол «Қыпшақ ишан» деген атпен танылған. Өзінің 72 жылдық ғұмырының қырық жылға жуық уақытын діни қызметке арнап, халықты мұсылманшылыққа үндеген, жалпы қазақ жұртына есімі белгілі, беделді тұлға болған.

Әңгіме-естелігіміздің басты кейіпкері Сатыбалды Ғабдоллаұлы 1826 жылы сол кездегі Торғай уезі Қайдауыл болысының Шомақ Қарасуы деген жерінде дүниеге келген. Биыл оның туғанына 200 жыл толып отыр.

Ишан бабамыздың Сатыбалды атануы жөнінде ел арасында сақталған шағын аңыз бар. Руы – Ұзын Қыпшақтың Алтысы. Ұзын атадан Алтыс пен Алтыбас тарайды. Алтыстан Келімбет туған. Кейінгі анадан Құлдербес (Құттық), Өзен, Самар және Сығай (Хан Сығай) дүниеге келеді. Сатыбалды ишан осы Хан Сығайдың ұрпағы. Бүгінде бәрі өсіп-өркендеп, үлкен рулы елге айналған.

Әкесі Ғабдолланың бұрын туған балалары шетіней берген екен. Жасы елуге келгенде Мұғалима (Ұлмас) атты қызы дүниеге келеді. Одан кейін Сатыбалды туады. Нәресте дүниеге келген күні немере ағасы Шомақ пен оның жұбайы қазақтың ежелгі салты бойынша баланы етегіне орап, өз үйлеріне алып кетеді.

Сәби қырқынан шыққан соң ғана Шомақ қария мен бәйбішесі баланы құндақтап алып, Тәңірден тілек тілеп, «жеті ошақтың астынан өткізіп», ауыл шетіне барып:

– Бала сатамыз, бала сатамыз! Кім алады? – деп жар салады.

Сонда Ғабдолла ағасы мен жеңгесіне қара нарға қалы кілем жауып, лайықты сый-сияпат жасап, өз баласын ырым бойынша қайта «сатып» алады. Кейін азан шақырып, есімін Сатыбалды деп қояды.

«Құдайдан бір, адамнан бір сұрап алған» Сатыбалды он жасқа таяғанда ата-анасы бірінен соң бірі дүниеден өтеді. Осыдан кейін кіндік әкесі Шомақ қария жетім баланы қайтадан өз қамқорлығына алады.

Бір күні жасөспірім түсінде бабасы Ақбураны көреді. Аян берген бабасы:

– Сен, Сатыбалды шөберем, Тәшкен мен Бұхараға барып білім ал, Ислам жолына түс, – дейді.

Сатыбалды бұл түсті Шомақ атасына айтып береді. Сонда қария:

– Онда алдымен апаң Мұғалимаға бар, – деп ақыл қосады.

Мұғалима Торғайдың Тосын құмындағы Бақтыбай деген кісіге тұрмысқа шыққан екен. Апасы інісін жақсы қарсы алып, ауыл молдасынан бір жыл білім алуына жағдай жасайды. Кейін Шомақ қарияның рұқсатын алған Сатыбалды Тәшкенге оқу іздеп аттанады.

Жол үстінде Шыршық маңында қарақшыларға тап болып, түйесі мен жол азығынан айырылады. Соған қарамастан барлық қиындыққа төзіп, жаяулап Тәшкенге жетеді. Күнкөріс қамымен әртүрлі жұмыстар істей жүріп, медресеге оқуға түседі. Бос уақытында шайханада сушы, отыншы, шай қайнатушы болып еңбек етеді.

Екі жыл өткен соң ұстазы талапты шәкіртіне назар аударып, жағдайын сұрайды. Білімге ынталы, бірақ тұрмысы жұтаң баланы ұнатып:

– Бала етейін, маған бала боласың ба? – дейді.

Сатыбалды бұл ұсынысты ықыласпен қабылдайды. Кейін қамқор ұстазы оны Бұхараға оқуға жібереді. Сөйтіп, мейірімді мұсылман қария Сатыбалдыны он төрт жыл оқытады. Бұхарадағы оқуын аяқтаған соң оны өзбек қызына үйлендіреді.

Сатыбалды ишанның алғашқы жұбайы Хусниссадан Мырза ишан (Жәлелидден), Қымбатша және Шәріп (Шаһауидден) дүниеге келген. Екінші әйелі Нұрақ Кәлпеқызы Шүкірден Зияуитден мұхтасиб, Жамал (Жамалидден), Әкімал (Әкмалидден), Әсияхан және Шарайхан туған. Ал үшінші жары, мадияр Сейілқызы Әйіннен Файзолла ишан дүниеге келеді.

Файзолла ишан – құран қари әрі қазақ халқына ақындық талантымен кеңінен танылған тұлға. Жалпы, Сатыбалды ишанның үш әйелінен жоғарыда аталған тоғыз ұл-қыз тараған. Солардың ішінде Мырза ишан, Зияуитден мұхтасиб және Файзолла қаридың ұрпақтары бүгінде Торғай өңірінде біршама бар.

Алайда бұл әулет өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін жылдарында азап пен қасіреттің талайын бастан кешірді. Кеңестік ГПУ-дың қудалауы Сайрамдағы ағайындарды да айналып өтпей, олар да сан түрлі жаламен жапа шекті.

Ашаршылық, Екінші дүниежүзілік соғыс және аласапыран кезеңдерде ұрпақтардың өзара байланысы үзіліп, бауырлық қатынастар әлсіреді. Кейінгі шөбере-шөпшектер бір-бірінен мүлде алыстап кеткен еді. Тек саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үдерісі басталғаннан кейін ғана, өткен ғасырдың 80-жылдарында туыстар қайтадан бір-бірін іздей бастады.

1862 жылы, 34 жасында Сатыбалды ишан алғаш рет Мекке мен Мәдинаға қажылық сапар шегеді. Бұл кезде ол Сайрам маңындағы Қарауыл оба деген жерде қызмет етіп жүрген болатын. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, сол өңірдегі ордалы жыландарды дұға оқып көшіріп, кейін мешіт пен медресе салдырған екен.

Ишан мешіт маңын қоршатып, Қазығұрт тауынан ағатын суды бұрғызып әкеліп, су диірмен салдырған. Қоршалған аумаққа жеміс ағаштарын отырғызып, қалған жерлеріне бидай, жүгері және бау-бақша дақылдарын еккізген. Қыпшақ руынан шыққандықтан, жергілікті халық оны «Қыпшақ ишан» деп атап кеткен.

Қазіргі Түркістан облысындағы Қарауыл оба ауылында салдырған мешіттің ашылу рәсіміне көптеген сопы мен шейхты шақырады.

Сайрам өңірінде ғұмыр кешкен Қыпшақ ишанның даңқы бірте-бірте туған өлкесіне де жетеді. «Қыпшақ ишан» деген атты естіген руластары оның кім екенін білгісі келеді. Біреулер оның баяғыда елден кеткен жетім бала Сатыбалды екеніне сенсе, енді біреулері күмәнмен қарайды.

Ақыры, ел ішін әңгіме дүрліктіріп, жұрт оның шын мәнінде кім екенін анықтауға кіріседі. Егер расында туған жерден жас күнінде кетіп, кейін үлкен ғұламаға айналған сол Сатыбалды болса, оны қайтадан өз ортасына қосу қажет деген тоқтамға келеді.

1870 жылдары Торғай өңірін Сүлеймен есімді төре басқарған екен. Ел ақсақалдары оған:

– Біздің өңірге ағартушылық мақсатпен келетін бірен-саран қожалар мен Қазан, Уфа, Тройцк жақтан келген татар молдаларынан гөрі, туған топырақтан шыққан өз дін қызметкеріміз болса, соны елге әкелу керек, – деген тілектерін жиі айтып жүреді.

Сол кезде ел арасында осыдан қырық жылдай бұрын Батпаққара өңірінен діни білім іздеп оңтүстікке кеткен бір жас жігіттің қайтып оралмағаны, ал Сайрам жақта «Қыпшақ ишан» деген атпен беделді дін қайраткері қызмет атқарып жүргені туралы әңгіме тарайды.

Осы хабарды естіген Сүлеймен өзінің сенімді тілмашы әрі қызметшісі Сүйін Орысұлын Тәшкен пен Сайрам жаққа арнайы жібереді. Қолына хат ұстатады. Хатта Қыпшақ ишанды туған жеріне оралуға шақырып, елдің өтінішін жеткізуді тапсырады.

Бұл қазақ даласында жоңғар-қалмақ шапқыншылығы тоқтағанымен, Ресей империясының отарлау саясаты күшейіп тұрған кезең еді. Хандық билік жойылып, оның орнына сұлтандық басқару енгізілген, ал Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалыс жеңіліс тапқаннан кейін патша өкіметі Орта Азия аумағында жаппай әскери бекіністер сала бастаған болатын.

Құдай сәтін салып, осы шақырудың нәтижесінде туған жерін ұмытпаған Сатыбалды ишан Шомақ Қарасуына қайта оралады. Ол кезде жасы елуден асқан еді. Ағайын-туыстарымен қауышқан соң, көп күттірмей қазіргі Батпаққара тоғайына барып, дұға оқып, ел аузындағы әңгімеге қарағанда, ордалы жыландарды басқа жаққа көшірген.

Осыны жақсылықтың белгісіне балаған жұрт қазіргі Аманкелді ауданы аумағындағы Жалдама өзенінің бойына қоныстана бастайды. Қараторғай болысындағы көзі ашық, оқыған қыпшақ ағайындары бірігіп, Сатыбалды ишанға арнайы үй салып береді. Торы Қыпшақ Кәлменнің ұрпақтары да асарлатып, құрылыс жұмысына белсене қатысады.

Жергілікті халықтың көмегімен қысқа мерзім ішінде шағын мешіт те бой көтереді. Діни сауаты бар Кәлмен молда сол мешітке имам болып тағайындалады.

Сатыбалды ишан ел алдында алдағы көктемде Сайрамға барып, сонда қалған бала-шағасын көшіріп әкеліп, туған жерге біржола орнығатынын мәлімдейді.

Бұл хабарды естіген елдің игі-жақсылары өзара кеңес құрады.

– Елге дін керек. Ишан келемін деп уәде беріп, кейін келмей кетсе қайтеміз? Оның елмен байланысын нығайтудың жолын қарастыруымыз керек, – деген тоқтамға келеді.

Сөйтіп, Торғайда қырық жыл болыстық билікті ұстаған Мадияр руының белгілі адамдары Бөлтірік пен Қабаққа кісі жіберіп, Сатыбалды ишанға қыз айттыруды ұйғарады. Қалыңмал мөлшері де келісіліп, ел қамын ойлаған ақылгөй азаматтардың көрегендігі тағы бір мәрте байқалады.

Уәде бұзылмай, Қабақтың қарындасы Әйін атты ибалы да көрікті бойжеткен Сатыбалды ишанға ұзатылады. Келесі жылы Сатыбалды ишан отбасымен бірге Батпаққараға біржола қоныс аударады.

Қазіргі Аманкелді кенті орналасқан жер ол кезде әлі ел қоныстанбаған кең дала болатын. Ал Үрпек пен осы маңның арасын алып жатқан қалың көктал, ну тоғай, қамыс-құрақ пен шөбі шүйгін шабындықтар табиғаттың ерекше сыйы еді. Бұл байлық күні бүгінге дейін халықтың ырыс-несібесіне қызмет етіп келеді.

Сатыбалды ишан отбасымен бірге Батпаққараға түпкілікті орнығып, ағаштан үлкен мешіт пен бірнеше тұрғын үй салғызады. Сонымен қатар жергілікті жұртты бау-бақша егудің қыр-сырына үйретіп, әртүрлі жеміс ағаштарын, қауын-қарбыз өсіруге баулиды.

ХІХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап Батпаққара өңірінде жаңа қоныстар қалыптаса бастайды. Қазіргі Есір ауылы орналасқан маң Сүйін ауылы атанса, бүгінгі Аманкелді ауданының орталығы тұрған жер «Сатыбалды ишан ауылы» деп аталған.

Патшалық Ресей дәуірінде Торғай өңірінен Арғын руының белгілі азаматы Дүйсен Тамшыұлы бастаған бір топ адам қажылық сапарға аттанады. Қажылық парызын өтеу барысында топ құрамындағы Шәкет есімді қария дүниеден өтіп, қасиетті Мекке жерінде жерленеді.

Ел аузында сақталған әңгімелерге қарағанда, осы оқиғаны Сатыбалды ишан әулиелік қасиетімен біліп отырған екен. Қажылар елге оралғаннан кейін ол топтың үлкені Дүйсен қажыдан:

– Дүйсеке, Шәкет ағамызды қалай жерледіңіздер? – деп сұрайды.

Сонда таңырқай қараған Дүйсен қажы:

– Ишеке, мені сынайын деп сұрап отырсыз ба? Марқұмды жерлеу кезінде өзіңіз де арамызда болдыңыз ғой. Жаназа намазында алдыңғы қатарда тұрғаныңызды өз көзіммен көрдім, – деп жауап береді.

Бұл оқиға сол заманда ел арасына кең тарап, ұмытылмас аңызға айналған. Жұртшылық екі кісінің сөзіне таңырқап, қайсысының қасиеті басым екенін өзара талқылаған деседі. Бірі Батпаққарада жүріп-ақ рухымен Меккеге жеткен Сатыбалды ишанды әулие деп бағаласа, енді бірі оны Меккеде көрген Дүйсен қажының ерекше қасиетіне таңырқаған.

Халық ұғымында Сатыбалды ишан діни ілімнің терең сырларын меңгерген, қасиетті дұғалардың құдіретіне қанық, ислам дүниесіндегі тылсым ілімдердің бірі саналатын «Исми-ағзамның» сырын игеріп, жүрегі мен жаны тазарып, рухани кемелдікке жеткен жан ретінде құрметтелген. Ел ішінде оның «үшінші көзі ашылған», яғни көпшілікке беймәлім құбылыстарды сезіп-біле алатын қасиетке ие болғаны жөнінде әңгімелер көп.

Студенттік жылдары Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барғанымызда, Әзірет Сұлтанның рухани күйде Меккеге барып, бесін намазын сонда оқып қайтатыны жөніндегі халық арасындағы аңыздарды жиі айтатын. Осыған ұқсас әңгімелер Сатыбалды ишан туралы да айтылады.

Сондай естеліктердің бірінде бай адамның өтініші бойынша ишанның бірнеше түн бойы сарайына маза бермеген перілердің көсемімен тілдесіп, екі күн дұға оқып, оларды басқа жаққа көшіргені баяндалады.

1882 жылы Сатыбалды ишан:

– Шүкір, Аллаға, Батпаққарадағы ойлаған істеріміз орындалды, – деп, екінші рет қажылыққа баруға ниет етеді.

Ол заманда қазақ даласының әр өңірінен Мекке мен Мәдинаға аттанған қажылардың қандай жолмен жүріп, қанша уақытта барып-қайтатыны туралы нақты деректер көп сақталмаған. Дегенмен осы сапарға байланысты халық жадында қалған бір қызықты естелік бар.

Қажылықта жүрген кезінде Сатыбалды ишан түс көреді. Түсінде жары Әйіннің босанып, ұл туғанын көреді. Түстің аяндық мәні бар екенін сезген ишан елде қалған досы Дүйсен қажыға хат жолдап, дүниеге келген ұлға азан шақырып ат қоюды өтінеді. Хатында бұл баланы Алланың ерекше сыйы деп бағалап, оған «Қажы қари Мұхаммед Файзолла» деген есім беруді сұрайды.

Бұл оқиға кейін ел ішінде Сатыбалды ишанның көрегендігі ретінде айтылып кеткен. Өйткені оның екінші ұлы Файзолла кейін шынында да қари атанып, елге танымал тұлғаға айналады.

Файзолла 1883 жылдың 27 қыркүйегінде Батпаққарадағы Сатыбалды ишан ауылында туған. Әулие атанған Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлы 1898 жылдың күзінде дүниеден өтеді. Артында рухани мол мұрасы, өзі іргесін қалаған қоныс қалды.

Ишан бабаның мүрдесі бүгінде Батпаққарадағы, қазіргі Аманкелді ауданы орталығындағы көне қорымда мәңгілік тыныстап жатыр.

1899 жылы үлкен ұлы Мырза ишан Ташкенттен арнайы шеберлер алдырып, күйдірілген қызыл кірпіштен қос күмбезді көркем кесене салдырады. Кесененің төргі бөлмесіне Сатыбалды ишан жерленген. Екінші бөлме Мырза ишанның өзіне арналса да, тағдыр оған туған жерінен топырақ бұйыртпады. Ол саяси қуғын-сүргін кезінде тұтқындалып, 1930 жылдың 26 мамырында Алматыда атылды.

Кесенеге кейіннен ең кіші ұлы Файзолла құран қари жерленген. Сондай-ақ оның сол жағында Торы Қыпшақ Тепекұлы Омар кәлпенің де мәңгілік мекені орналасқан.

Сатыбалды ишанның дертке шалдығып, ақыл-есінен адасқан адамдарды да сауықтыратын қасиеті болғаны жөнінде ел арасында көптеген әңгіме сақталған.

Бір жылы қыс қатты болып, мал азығы жетіспейді. Сонда ишан көршілес Жұмабай есімді байдан шөп сұратып адам жібереді. Алайда дәулетіне мастанған бай көмек көрсетпек түгілі, келген адамдарды дұрыс қабылдамай, құр қол қайтарады.

Көп ұзамай Жұмабайдың өзі ауыр науқасқа шалдығып, ақыл-есінен айырылады. Мұны әулиенің киесі деп түсінген ағайындары он түйеге шөп артып, науқасты ақ киізге орап, Сатыбалды ишанның мешітіне алып келеді.

Жиналған ақсақалдар ишаннан кешірім сұрап:

– Жұмабай өзінен-өзі жынданып кетті. Әрең дегенде байлап әкелдік, – дейді.

Сонда ишан:

– Оны мешітке кіргізіңдер, – деп бұйырады.

Жұрт:

– Шешуге болмайды, зорға байладық, – дегенде:

– Мені Жұмабай сыйламаса да, әруақты сыйлайды, – дейді.

Байдың қол-аяғын босатқан сәтте ол орнынан атып тұрып, ишанның аяғына жығылып, кешірім сұрайды. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, сол мезетте-ақ сырқатынан айығып, бұрынғы қалпына келген екен.

Қазақ арасында әулиелер мен қасиетті адамдарға орынсыз тіл тигізудің немесе қиянат жасаудың ақыры жақсылыққа апармайтыны туралы осындай ғибратты оқиғалар ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған. Мұндай әңгімелерді біз де үлкендердің аузынан естіп өстік.

Сатыбалды ишан өз заманында жастардың діни сауатын ашуға ерекше еңбек сіңірген көрнекті дін қайраткері болды.

Ол тәрбиені алдымен өз отбасынан бастады. Ұлдары Зияуитден мен Файзолланы жас кезінен Троицк қаласындағы Ахон хазірет медресесінде, сондай-ақ Тәшкен пен Бұхарадағы діни оқу орындарында оқытты.

Соның нәтижесінде Файзолла он алты жасында қари атанып, Құранды толық жатқа білетін білімді дін қызметкері ретінде танылды.

Мырза ишан Батпаққарада, Зияуитден мұхтасиб Үрпекте, Файзолла Күлік ауылында мешіт ұстап, ауыл балаларының араб әліпбиімен сауатын ашып, ағартушылық қызмет атқарды.

1928 жылы кеңестік қуғын-сүргін науқаны басталған кезде Сатыбалды ишанның үлкені Мырза ишан мен кенжесі Файзолла «ұлтшыл ұйым мүшелері» деген айыппен тұтқындалып, Қостанай қаласындағы ескі «Ақ түрмеге» қамалады.

1929 жылғы Батпаққара көтерілісінен кейін ишанның басқа да ұлдары мен немерелері қудалауға ұшырайды. Мырза ишанның ұлдары Хажиден, Шіраждан, Нүриден және Зияуитденұлы Сұлтанмахмұд та тұтқындалады.

Көп ұзамай Мырза ишан, Жамалиден және Хажиден атылып кетеді. Әулиенің алты баласының ішінен елге аман оралғаны жалғыз Файзолла қари болса, немерелерінен тек Нүриден ғана туған жерге аман жетеді. Қалғандары жат өлкелерде азап шегіп, өмірден өтеді.

1994 жылы Сатыбалды ишанның ұрпақтары бабаларының оңтүстіктегі қызмет еткен өңірлерін аралап, Сайрам жаққа арнайы сапармен барады.

Сол сапардан оралғандар Өтеміс ауылындағы ишанға қатысты көне орындардың маңында жаңа мешіт салынғанын айтып келген. Ең қызығы, жаңадан бой көтерген мешітке бұрынғы атауы өзгеріссіз беріліп, ол әлі күнге дейін «Қара Қыпшақ мешіті» деп аталады екен.

Бұрынғы қалың жеміс бағы сақталмағанымен, оның орны мен ізі байқалады дейді.

Сайрам өңірінің тұрғындары өз ауылдарының тарихын әңгімелегенде Сатыбалды ишанның есімі мен еңбегін де құрметпен атап өтеді екен. Бұған да шүкір дейміз.

 

Әбдіқадыр ӘБДІРАЙЫМҰЛЫ,
зейнеткер,

Аманкелді ауданының Құрметті азаматы. 

Қостанай облысы.

Тэгтер:

Сатыбалды ишан