Америкалық ғалымдар кешкі сағат тоғыздан кейін тәуліктік калорияның 25%-дан астамын тұтынатын адамдарда ішек мәселелері 2,5 есе жиі кездесетінін анықтады. Зерттеу нәтижелері Чикагода өткен гастроэнтерология апталығында ұсынылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдар 15 мыңнан астам адамның денсаулық деректерін талдап, кеш тамақтану мен созылмалы күйзелістің ас қорыту жүйесіне әсерін зерттеген. Бұған дейін түнгі ас көбіне ұйқы бұзылысы, диабет, семіздік және қышқыл рефлюкспен байланысты қарастырылып келген.
Зерттеу барысында мамандар ағзадағы физиологиялық күйзеліс деңгейін арнайы «аллостатикалық жүктеме» көрсеткіші арқылы бағалаған. Бұл көрсеткіш жүрек-қантамыр, зат алмасу және қабынуға қатысты сегіз түрлі биомаркерді қамтиды.
Нәтижесінде кешкі ас жалғыз өзі аса қауіпті емес екені анықталған. Алайда ол тұрақты күйзеліспен қатар жүргенде ішек микробиомындағы пайдалы бактериялардың азаюына әкеледі. Бұл бактериялар иммунитетке, ас қорытуға және мидың жұмысына әсер етеді.
Зерттеушілердің пікірінше, ішек микробиомасының да өз «биологиялық сағаты» бар. Тамақты кеш ішу осы табиғи ырғақты бұзады.
Мамандар кешкі сағат бестен кейін немесе ұйқыға дейін 3–4 сағат бұрын ауыр тағам жемеуге кеңес береді. Егер түнде тамақтану қажет болса, жеміс-жидек, көкөніс және майы аз ақуыз өнімдерін таңдаған дұрыс.