Екі шетел азаматы Шымкент – Астана ұшағында жолаушының 7,6 млн теңгесін ұрлаған

Бүгін, 15:15 / Алуа Арман
polisia.kz

Криминалдық полиция қызметкерлері әуе кемесінің бортында ұшу кезінде жасалған аса ірі көлемдегі ақша ұрлығын ізін суытпай ашты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Аталған қылмысты жасады деген күдікпен екі шетел азаматы анықталып, ұсталды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдіктілер Шымкент – Астана бағытындағы әуе рейсі кезінде жәбірленушінің салғырттығын пайдаланып, оған тиесілі 7,6 млн теңгені жасырын түрде жымқырған.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілердің жеке басы анықталып, олар ұсталды. Ұсталғандар өз кінәларын мойындап, қамауға алынды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар шетел азаматтарының осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Тәртіп сақшыларының кәсіби шеберлігі мен жедел әрекетінің арқасында ұрланған ақша қаражаты толық көлемде заңды иесіне қайтарылды.

Көліктегі полиция департаменті азаматтарды сапар барысында қырағылық танытуға шақырады. Жеке заттарды, құжаттар мен ақшалай қаражатты қараусыз қалдырмау, бөгде адамдарға сеніп тапсырмау және бағалы бұйымдарды үнемі бақылауда ұстау – мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді жолы.

Тэгтер:

ұрлық Ұшақ жолаушы