Павлодар тұрғыны көмекке келген дәрігерлерге пышақпен шабуыл жасады

Бүгін, 23:00 / Жамбыл Жайлау
ашық дереккөзден

Павлодар тұрғыны өзіне жедел медициналық көмек көрсетуге келген дәрігерлер бригадасына пышақпен шабуыл жасаған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп turkystan.kz тілшісі NUR.KZ сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Irbis.tv телеарнасының мәліметінше, оқиға Павлодар қаласындағы Назарбаев көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында болған. Сағат 14:57-де 103 қызметіне қала тұрғыны хабарласып, көшеде жатқан ер адамды көргенін айтқан.

Жедел жәрдем бригадасы шақырту түскеннен кейін тоғыз минуттан соң оқиға орнына жеткен.

Тексеру кезінде белгісіз ер адам кенеттен агрессия таныта бастаған. 103 қызметінің мәліметінше, ол дәрігерлерге пышақпен қорқытып, бригада қызметкерлеріне тап берген.

"Жанжал кезінде ер адам жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін жұдырықпен ұрып, кейін реанимобиль салонына кіріп кеткен. Сол жерде ол дәрі-дәрмек құйылған ампулаларды сындырып, медициналық сөмкені көліктен лақтырып жіберген.

Зардап шеккен медицина қызметкерлері құқық қорғау органдарына тиісті арыз жазды", – деп хабарлады Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы.

Павлодар облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жедел жәрдем қызметкерлеріне қатысты қорқыту немесе күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Ер адам ұсталып, арнайы емдеу мекемесіне орналастырылды.

Тэгтер:

Павлодар