Үстел теннисінен Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Алан Құрманғалиев Францияның бес дүркін чемпионы "Аннебон" клубымен келісімшартқа отырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазақстан үстел теннисі федерациясының мәліметінше, тараптар арасындағы келісім бір жылға жасалған. Жаңа маусым қыркүйек айының ортасында басталады. Сол кезде Алан француз клубының сапында алғашқы кездесуін өткізуі мүмкін.
Спортшының айтуынша, келіссөздер ұзаққа созылмаған.
"Келіссөздер өте ұзаққа созылды деп айта алмаймын. Барлығы бір аптадан сәл ғана артық уақыт алды. Клуб қызығушылық танытты, сондықтан барлық мәселені тез талқылап, ортақ келісімге келдік", – деді Алан Құрманғалиев.
Айта кетейік, "Аннебон" Франция чемпионатының элиталық про-лига дивизионында өнер көрсетеді. Команда бес рет ел чемпионы атанған. Сонымен қатар екі мәрте ETTU Cup Еуропа кубогін жеңіп алған.
Алан Құрманғалиев небәрі 19 жаста болса да, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, бірқатар беделді кәсіби турнирлерде жүлдегер атанған.
Бұған дейін үстел теннисінен Қазақстан ерлер құрамасы әлем чемпионатында тарихи нәтиже көрсеткен еді. Ұлттық құрама өз тарихында алғаш рет 1/8 финалға дейін жетті.
Осы жетістіктің арқасында Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте 18-орынға көтерілді.
Айта кетейік, ұлттық құрама сапында Алан Құрманғалиевтен бөлек, Кирилл Герасименко да өнер көрсетеді. Ол Германияның "Вердер Бремен" клубының намысын қорғайды.