Қостанай облысында 1,9 млрд теңгелік жер телімі мемлекетке қайтарылды

Бүгін, 16:04 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қостанай облысының прокуратурасы қадағалау қызметін жүзеге асыру барысында Қарабалық ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші субъектісіне жалпы көлемі 850 гектардан асатын жер учаскелерін тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ұзақ мерзімді жалға беру кезінде жер заңнамасының талаптарын бұзғанын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қарабалық ауданы Бөрлі ауылдық округінің Бөрлі және Песчаное ауылдары аумағында орналасқан аталған жер учаскелері халықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, соның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтардағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға арналған жерлер санатына жатады.

Жер кодексінің 26-бабы 3-тармағының талаптарын бұза отырып, бұл жерлер заңсыз түрде ауыл шаруашылығы құрылымына берілген, соның салдарынан Бөрлі ауылы тұрғындары үшін жайылым жерлерінің тапшылығы туындаған.

Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде заң бұзушылықтар жойылды. Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2026 жылғы 19 мамырда заңды күшіне енген шешімімен жер учаскелерін жалға беру шарттары жарамсыз деп танылды.

Кадастрлық құны 1,9 миллиард теңгеден асатын жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Жер қатынастары саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.

 

Тэгтер:

жер телімі Жер учаскесі