Пи саны: ғалымдар үтірден кейінгі 314 триллион таңбаны есептеді

10 маусым, 2026 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

АҚШ-тың Micron Technology және StorageReview компаниялары π (пи) санының үтірден кейінгі 314 триллион таңбасын есептеп, жаңа әлемдік рекорд орнатты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Есептеу жұмыстары бір ғана серверде шамамен 110 күн бойы тоқтаусыз жүргізілген. Нәтиже Guinness World Records кітабына тіркелді.

Жоба үшін арнайы жоғары өнімді жүйе пайдаланылған. Оның құрамына 40 дана көлемі 61,44 ТБ болатын SSD-жинақтауыш, бір Dell PowerEdge сервері және екі AMD EPYC 192-core процессоры кірген. Жалпы сақтау көлемі 2,4 петабайтқа жеткен. Оның 2,1 петабайты есептеу процесіне, ал 0,3 петабайты нәтижелерді сақтауға жұмсалған.

Бұған дейінгі рекорд 300 триллион таңба болған. Оны 2025 жылы Linus Media Group пен Kioxia компаниялары орнатқан еді.

Пи санын есептеу үшін мамандар y-cruncher бағдарламасын қолданған. Мұндай ауқымды есептеулер кезінде басты мәселе – есептеу қуатынан бұрын, деректерді тұрақты әрі сенімді сақтау жүйесі екені айтылды.

Жоба авторларының сөзінше, бұл рекорд тек математикалық жетістік емес, сонымен қатар үлкен көлемдегі деректермен ұзақ уақыт тұрақты жұмыс істеуге арналған заманауи серверлік инфрақұрылымның мүмкіндігін көрсетеді.

Тэгтер:

рекорд пи саны