Ресей мен АҚШ-ты жалғайтын туннель салынуы мүмкін

10 маусым, 2026 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Ресей мен АҚШ арасын жалғайтын туннель салынуы мүмкін. Ресейдің тікелей инвестициялар қоры басшысы Кирилл Дмитриев Ресей мен АҚШ арасындағы Беринг бұғазы арқылы өтетін туннель жобасын жалғастыру жөніндегі келісімге ертең қол қойылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz РИА НОВОСТИ басылымына сілтеме жасап.

Жоба бойынша туннель Ресейдің Чукотка аймағы мен АҚШ-тың Аляска штатын байланыстыруы тиіс. Дмитриевтің айтуынша, бұл екі ел арасындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналуы мүмкін.

Туннель салу идеясы алғаш рет былтырғы қазанда айтылған. Ол кезде жоба сегіз жылдан аз уақыт ішінде жүзеге асуы мүмкін екені хабарланған. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл бастаманы «қызықты идея» деп атаған.

Ал Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова мұндай жобаны жүзеге асыру үшін саяси ерік қажет екенін мәлімдеген.

Беринг бұғазы арқылы туннель салу идеясы бұрыннан талқыланып келеді. Жоба іске асса, Еуразия мен Солтүстік Американы құрлық арқылы байланыстыратын алғашқы тұрақты көлік дәлізі пайда болуы мүмкін.

Тэгтер:

Ресей АҚШ туннель