Қазақстанның ерлер футбол құрамасы Дебрецен қаласында өткен жолдастық матчта Мажарстан құрамасынан сырт алаңда жеңіліп қалды., деп хабарлайды turkystan.kz.
«Надьердеи» стадионында өткен кездесу алаң иелерінің 3:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Матчта есепті бірінші болып Қазақстан құрамасы ашты. 9-минутта қорғаушы Сергей Малый шабуылшы Максим Самородовтың бұрыштамадан асырған добын баспен қақпаға бағыттап, командасын алға шығарды.
Мажарстан құрамасы барлық голын екінші таймда соқты. Алдымен 52-минутта жартылай қорғаушы әрі команда капитаны Доминик Собослаи қапталдан берілген пасты сәтті аяқтады. Кейін 67-минутта Андраш Шефер алыстан дәл соққы жасап, доп қақпа маңдайшасына тиіп барып торға түсті. Ал матчтың соңғы нүктесін қосымша уақытта Раймунд Тот қойды. Ол 90+3-минутта үшінші голды соқты.
Мажарстан құрамасы екінші және үшінші голдарын Қазақстан құрамасы бір ойыншыға кем қалғаннан кейін соқты. Максим Самородов 63-минутта екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылды.
Осылайша Қазақстан құрамасы маусым айындағы халықаралық үзілісте жеңіске жете алмады. Бұған дейін өткен жолдастық кездесуде ұлттық құрама Армениямен 1:1 есебімен тең түскен болатын.