Астанада газбен жүретін Toyota Aristo көлігі өртеніп кетті (ВИДЕО)

9 маусым, 2026 / Жамбыл Жайлау

9 маусым күні Астанада Тәшенов көшесінде газбаллон жабдығы орнатылған Toyota Aristo автокөлігі өртеніп кетті. Оқиға туралы Astanovka98 телеграм-арнасы хабарлады, деп жазады turkystan.kz.

Көлік иесі Даниланың айтуынша, ол жолда келе жатқанда алдымен көліктен түтін шыққан. Артынша жалын тез күшейіп, автокөлік әп-сәтте өртене бастаған.

"Әдеттегідей келе жатқам, кенеттен неден екені белгісіз түтін шықты. Сосын газ жана бастады. Капотты ашқанымда от лап етіп, мені сәл шарпып өтті", – деді жүргізуші.

Даниланың сөзінше, дәл сол сәтте оқиға орнынан полиция көлігі өтіп бара жатқан. Алайда олар өртті сөндіруге кіріспей, ТЖМ қызметін шақыру керектігін айтқан.

"Полиция экипажы өтіп бара жатқан сәт болды. 10 шақты көлік, бәрі жаңа. Бірақ олар жай ғана айналып өтіп, ТЖМ-ді шақыруды айтты", – деп мәлімдеді ол.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына шамамен 10 минуттан кейін жеткен. Дегенмен осы уақыттың ішінде көлік толықтай жанып кеткен.

"Маған оны есептен шығарып, металл сынығына өткізу ғана қалды. Дегенмен көлік өте сапалы еді. Менің кеңесім – адамдар газ қондырмасын", – деді астаналық тұрғын.

Жүргізушінің айтуынша, ол 1996 жылы шыққан Toyota Aristo көлігін газбаллон жабдығымен бірге 2,2 миллион теңгеге сатып алған. Данила сақтандыру компаниясы мұндай шығынды өтемейтінін, себебі сақтандыру тек жол-көлік оқиғасы кезінде ғана қарастырылатынын айтты.