Қазақстандықтар емізулі сәбиімен бірге курьер болып жүрген ананы іздеп жатыр

9 маусым, 2026 / Жамбыл Жайлау
ашық дереккөзден

Қазақстандық Threads қолданушылары емізулі баласымен бірге курьер болып жүрген әйелді іздестіріп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Желі қолданушыларының айтуынша, көпшілік оған көмек қолын созғысы келеді. Алайда әйелдің кім екені әзірге белгісіз. Оны табу үшін қолданушылар Яндекс жеткізу қызметіне, Еңбек министрлігіне, суретті түсірген адамға және полицияға да жүгінген. Бірақ әзірге нәтиже болмаған.

Бұл ақпаратты таратқан BuzyqMedia арнасына тек фотоның қашан және қай жерде түсірілгені белгілі. Мәліметке сүйенсек, сурет 8 маусым күні кешкі сағат 17:00 шамасында Алматы қаласындағы Брусиловский көшесі, 159-үйдің маңында түсірілген.

"Бір қолында қаршадай шақалағы бар курьер болып жүрген әйелді тредс түгел іздеп таба алмай жатыр. Көпшілік көмек қолын созғысы келеді", – деп жазды желі қолданушылары.

Көпшілік әсіресе сәбидің жағдайына алаңдап отыр. Олар кішкентай баланың күннің астында анасының жанында жүргеніне жандары ашитынын айтып, әйелді табуға көмектесуді сұрауда.

Threads қолданушылары бұл ананы тапқан жағдайда оған қажетті көмек көрсетуге дайын екенін жазып жатыр.

Тэгтер:

Курьер