Солтүстік Қазақстанда жоғалып кеткен жасөспірім табылды

Бүгін, 14:16 / Алуа Арман
polisia.kz

СҚО-да ерекше қажеттілігі бар жасөспірімді полицейлер жедел түрде тауып алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғабит Мүсірепов ауданында полицияның барлық жеке құрамы дабыл бойынша көтерілді. Сағат 17:00 шамасында басқа ауданнан қонаққа келген отбасының ерекше қажеттіліктері бар 16 жастағы ұлының жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті.

Ата-анасының айтуынша, олар баланы небәрі бір сәтке ғана көзден таса қылған. Бейтаныс ортада жасөспірімнің қай бағытқа бет алғанын ешкім болжай алмады.

Хабар түскен бойда полицейлер елдімекен аумағын бірнеше секторға бөліп, әрбір көшені, ауланы және адам баруы мүмкін орындарды мұқият тексеруге кірісті. Жергілікті атқарушы органдар іздеу жұмыстарына дрон бөлді. Сонымен қатар жастар ресурстық орталығының еріктілері, мектеп оқушылары және ауылдағы "Жас сақшы" сыныбының төрт тәрбиеленушісі іздеу шараларына белсенді түрде атсалысты.

Олар велосипедпен көшелерді аралап, тұрғындардан сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшылары жүргізушілерге, оның ішінде жеке тасымалдаумен айналысатын азаматтарға да жүгініп, жол бойында жалғыз жүрген жаяу жүргіншілерге мұқият назар аударуды сұрады.

Іздеу жұмыстарына бейжай қарамаған ауыл тұрғындары да жұмылды. Жоғалған жасөспірім туралы ақпарат ауылдық чаттарға таратылды. Нәтижесінде жергілікті кәсіпорындардың бірінің күзетшісі баланы көргенін айтып, оның қай бағытта кеткені жөнінде маңызды мәлімет берген.

Жасөспірімді Есіл өзенінің жағасынан полиция қызметкері, инспектор-кинолог Сәкен Құбжасаров тауып алды. Іздеу басталғаннан кейін үш сағат өткен соң ол ата-анасына аман-есен тапсырылды.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмағандардың жоғалуына байланысты полицияға 49 хабарлама түскен. Олардың барлығы дер кезінде табылып, тәулік ішінде отбасыларына қайтарылды.

Бұл оқиға полицейлердің жедел әрекеті, еріктілердің белсенділігі және тұрғындардың ауызбіршілігі адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтауда қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Тэгтер:

Жасөспірім Солтүстік Қазақстан