Продюсер Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желідегі парақшасында қоғамдағы өсек-аяңның көбейгеніне алаңдаушылық білдіріп, оқырмандарына ой салатын жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол марқұм Сәуле Базархан туралы естелігін бөлісіп, оның ешқашан біреуді жамандамайтын ерекше қасиетін атап өтті.
Продюсердің айтуынша, қазіргі қоғамда түрлі қауесет пен біреудің жеке өмірін талқылау қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай көрінеді. Ол әлеуметтік желілерде танымал тұлғалардың отбасы, жеке өмірі мен сыртқы келбетіне қатысты әңгімелердің жиі қозғалатынын сынға алды.
Сондай-ақ Гүлзира Айдарбекова соңғы уақытта қоғамда орын алып жатқан қылмыс, алаяқтық және басқа да жағымсыз оқиғалардың көбейгеніне назар аударды.
«Тыныш заманда тыныш өмір сүріп, әр адам адал еңбегімен бақытты ғұмыр кешсе, бұрынғыдай үлкенге құрмет пен ұлттық құндылықтар қайта оралса екен», – деп жазды продюсер.
Жазба соңында ол көпшілікке тағдырдың түрлі сынақтарына түсіністікпен қарап, өзгелерді орынсыз сөз етпеуге шақырды.