Қарағанды облысындағы Долинка кентінде 10 жасар бала балалар ойын алаңының маңында тоққа түсіп, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға туралы баланың әпкесі мәлімдеді. Оның айтуынша, інісі ойын алаңынан бірнеше метр жерде тұрған электр желісінің тірегіне өрмелеп шыққан. Сол сәтте оны тоқ соғып, бала биіктен құлап кеткен.
Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен баланың жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқанын хабарлады. Туыстарының сөзінше, баланың денесін қатты күйік шалып, ауыр жарақат алған.
Полиция департаменті бұл оқиға бойынша материалдар тиісті мекемеге жолданғанын мәлімдеді.
«Материалдар қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін анықтау үшін Қарағанды облысы бойынша Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жолданды», – делінген хабарламада.
Баланың отбасы электр тірегінің қоршаусыз және балалар еркін бара алатын жерде тұрғанын айтып отыр. Ал кент әкімінің орынбасары Жасұлан Хамитов аталған нысанды қоршау жоспарланып жатқанын жеткізді.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.