Бұрынғы министр АҚШ-та курьер болып жүр (ВИДЕО)

8 маусым, 2026 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Қырғызстанның бұрынғы Еңбек және әлеуметтік даму министрі, экс-депутат Улукбек Кочкоровтың АҚШ-та курьер болып жұмыс істеп жүргені туралы видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кадрларда бұрынғы шенеуніктің көлігінің жүксалғышына сәлемдемелер тиеп жатқаны көрінеді. Желі қолданушыларының айтуынша, ол Amazon компаниясында жеткізу қызметімен айналысады.

Видео тарағаннан кейін көпшіліктің пікірі екіге бөлінді. Бірі бұрынғы министрдің қарапайым еңбек етіп жүргенін қолдап, адал жұмыстың ұяты жоқ екенін жазды. Ал енді бірі оның кезінде жоғары мемлекеттік қызмет атқарғанын еске алып, өмірдің тосын бұрылысына назар аударды.

Улукбек Кочкоров бұған дейін Қырғызстан парламентінің V шақырылым депутаты болған. Ол «Ата-Жұрт» партиясынан сайланып, 2017 жылғы президент сайлауына да қатысқан. Кейін 2018 жылы Қырғызстанның Еңбек және әлеуметтік даму министрі қызметіне тағайындалды.

2020 жылы ол парламент сайлауына «Биримдик» партиясының атынан түскен. Алайда сол жылы Қырғызстандағы саяси өзгерістерден кейін қызметінен босатылды. Кейін саясаткер жұмыстан алынғанын интернеттен білгенін айтқан еді.

БАҚ мәліметінше, соңғы жылдары Улукбек Кочкоров отбасымен бірге АҚШ-тың Чикаго қаласында тұрып келеді. Ол қоғамдық-саяси ортада сирек көрінеді және АҚШ-қа қоныс аударуы мен қазіргі жұмысына қатысты ашық пікір білдірмеген.

Тэгтер:

Қырғызстан