Үкімет кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыруға кірісті

Бүгін, 17:28 / Алуа Арман

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын кешенді жүзеге асыру мәселесіне арналған кеңес өтті. Жиынға оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Мәдениет және ақпарат, Ұлттық экономика, Жасанды интеллект және цифрлық даму, Ғылым және жоғары білім, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кеңес барысында Премьер-министрдің орынбасары қатысушылардың баяндамаларын тыңдады. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли кешенді жоспардың негізгі бағыттарын таныстырды. Оның ішінде кітапхана және кітап ісін дамыту, оқуды насихаттау, сондай-ақ заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру жөніндегі шаралар қамтылған.

Құжат 9 негізгі бағыт бойынша 50-ге тарта іс-шараны көздейді. Солардың қатарында кітап саласын құқықтық тұрғыдан жүйелеу мәселесі де бар. Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі кітапхана саласын жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде республикада 3 887 көпшілік кітапхана жұмыс істейді. Олардың жиынтық қоры 72,5 млн-нан астам сақтау бірлігін құрайды. 2025 жылы кітапханаларға келушілер саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 57 млн-нан асты. Биыл 4 кітапхана жаңғыртылып, 6 жаңа кітапхана ашылды. Жыл соңына дейін еліміздің бес өңірінде тағы 24 кітапхананы жаңғырту жоспарланып отыр.

Аида Балаева кітапханалардың қызметіне жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды. Бұл жұмыс кітапхана инфрақұрылымы мен ғимараттарының жай-күйін, кітап қорымен қамтамасыз етілу деңгейін, сондай-ақ ондағы әдебиеттерге сұранысты қамтуы тиіс. Талдау қорытындысы бойынша, әсіресе балалар мен жастарға арналған әдебиет бағытындағы тапшылықтарды айқындап, кітапхана қорын одан әрі дамыту және жаңарту жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу қажет. Балалар мен жастар арасында оқу мәдениетін дамытуға бағытталған шаралар туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндады. Министрлік оқушылардың әдебиетке және заманауи оқырман сервистеріне қолжетімділігін кеңейтетін «Балалар кітапханасы» және «Оқырман» платформаларын іске қосты.  Бұл бағыттағы маңызды жұмыстың бірі – білім беру ұйымдарында оқырман клубтарының қызметін дамыту. Соның негізінде тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Кітап оқитын мектеп» бірыңғай моделі енгізіледі. Аталған модель аясында балалардың кітап оқуға қызығушылығын ата-аналар мен педагогтердің жеке өнегесі арқылы арттыруды көздейтін «Бірге оқиық» жобасы жүзеге асырылады.

Өз кезегінде ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова студент жастар арасында кітап оқу мәдениетін ілгерілету тәсілдері туралы айтты. Бұл бағытта жоғары оқу орындары кітапханаларын дамыту және студенттік оқырман клубтарының жұмысын жандандыру мәселелері қамтылған. Кеңес қорытындысы бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігіне салалық әдебиеттермен қамтамасыз ету деңгейіне талдау жүргізу, сондай-ақ педагог кадрларды даярлауда қолданылатын оқу әдебиеттерінің мазмұнын зерделеу тапсырылды.

Қорғаныс және Ішкі істер министрліктеріне қарасты ұйымдардың кітапхана қорларын зерттеу және талдау мәселесіне де ерекше назар аудару қажет. Әскери бөлімдер мен ведомстволық мекемелерді заманауи, мазмұнды әрі кәсіби әдебиеттермен қамтамасыз ету маңызды. Талдау нәтижесінде нақты қажеттіліктер айқындалып, кітапхана қорларын толықтыру және жаңарту жөнінде ұсыныстар әзірленуі тиіс.

Тэгтер:

кітап оқу зерделі ұлт